Оқиғалар

NVIDIA негізін қалаушы әрі бас директоры алғаш рет Астанада: Дженсен Хуанг Қазақстанның жасанды интеллект экосистемасымен танысты

NVIDIA негізін қалаушы әрі бас директоры алғаш рет Астанада: Дженсен Хуанг Қазақстанның жасанды интеллект экосистемасымен танысты.

Фото Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

2026 жылғы 23 қазанда NVIDIA негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында алғаш рет болды. Сапар барысында оған қолайлы институционалдық орта, заманауи инфрақұрылым және адами капиталды дамыту сынды үш негізгі құрамдас бөлікке негізделген Қазақстанның жаһандық Physical AI хабын қалыптастыру стратегиясы таныстырылды.

Сапар барысында Дженсен Хуанг жасанды интеллекттің тарихы мен эволюциясына — алғашқы тұжырымдамалардан бастап қазіргі нейрожелілер мен генеративті AI-ге дейін, сондай-ақ оның адамзат болашағына тигізетін әсеріне арналған Сингулярлық мұражайының экспозициясымен танысты. Экскурсияның ерекше сәті ретінде NVIDIA негізін қалаушысы компанияның графикалық технологияларының дамуындағы ерте кезеңдердің бірін бейнелейтін 1980 жылғы NVIDIA RIVA TNT бейнекартасына — мұражай экспонатына қолтаңба қойды. Дженсен Хуангтың қолтаңбасы бар бұл экспонат мұражай коллекциясының бір бөлігіне айналады. Сондай-ақ Дженсен Хуанг контенті толығымен жасанды интеллект көмегімен жасалған дүние жүзіндегі алғашқы кинотеатр — AI Cinema-ға барды.

Фото Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі/Дженсен Хуанг

«Кез келген елдің ең құнды қазынасы — оның адамдарының мәдениеті мен зияткерлік әлеуеті. Қазақстандық әзірлеушілер, кәсіпкерлер мен студенттердің қазір өзіндік қазақстандық ЖІ жасап шығаруға сирек келетін мүмкіндігі бар. Мұндай өршіл мақсаттармен және қуатты ғылыми-инженерлік базамен Қазақстан жаңа стартаптарды іске қосып, тұтас салаларды өзгерте алады және жас буын үшін жаңа көкжиектер аша алады», — деп атап өтті NVIDIA негізін қалаушы әрі басшысы Дженсен Хуанг.

Сапар барысында пайдаланушылар мемлекеттік, бизнес және өзге де қызметтерді өз бетінше ала алатын жаңа буындағы Self-Service Center кеңістігі таныстырылды. Бұл кеңістіктің негізгі элементі — табиғи тіл арқылы қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін alem.gpt зияткерлік чат-көмекшісі болды. Бұл шешімнің технологиялық негізі — NVIDIA H200 графикалық процессорларын қолданатын Alem.Cloud GPU-кластерлерінде жұмыс істейтін жасанды интеллект модельдері. Сондай-ақ цифрлық құжаттар мен eGov QR сервисін қоса алғанда, eGov Mobile мүмкіндіктері, сондай-ақ цифрлық ипотеканы рәсімдеу мысалында мемлекеттік және банк жүйелерінің интеграциясы көрсетілді.

Фото Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

«Бүгінгі таңда жасанды интеллект тек технологияларды ғана емес, сонымен қатар әлемдік экономикадағы күштер балансын да өзгертіп жатыр. Қазақстан бұл индустрияның болашағын қалыптастыратын елдердің қатарынан өз орнын алуға ниетті. Біздің артықшылығымыз — энергетикалық әлеуеттің, дамыған өнеркәсіптің және талантты инженерлер мен әзірлеушілер санының өсуінің үйлесімі. NVIDIA сияқты технологиялық көшбасшылармен бірге біз Қазақстанды зияткерлік жүйелер мен робототехника жасалатын, сыналатын және нақты өнеркәсіптік жағдайларда енгізілетін Physical AI дамытудың жаһандық алаңына айналдыру мүмкіндігін көріп отырмыз. Біз AI-инфрақұрылғысын дамытып қана қоймай, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті технологиялар мен компаниялар құруға ұмтыламыз», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Дженсен Хуангтың сапары Қазақстанның жасанды интеллект экосистемасын дамытуға және оның жаһандық технологиялық индустрияға интеграциялануына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ел ішінде әлемдік деңгейдегі технологияларды әзірлеу үшін жағдай жасаудың және қазақстандық мамандар мен компаниялардың халықаралық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызы ерекше.

Дженсен Хуангтың сапары аясында Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев Peer-to-Peer өзара әрекеттесу және геймификация қағидаттарына негізделген стартаптардың цифрлық қаласы — Startup City жобасын таныстырды. Бұл платформа өңірлік хабарларды, білім беру бағдарламаларын, зертханаларды, венчурлық қаржыландыруды және халықаралық алаңдарды біріктіріп, стартаптарға идеядан жаһандық нарықтарға дейінгі жолдан өтуге көмектеседі. Интерактивті ойын форматында қатысушылар виртуалды монеталар тауып, оларды экосистема ішінде пайдалана алады, ал цифрлық егіздер Astana Hub-тың нақты инфраструктурасын көрсетеді. Іс-шарада Қазақстанның NVIDIA компаниясымен ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктеріне да ерекше назар аударылды.

Фото Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі/Дженсен Хуанг

«Дженсен Хуангтың alem.ai-ға сапары — қазақстандық технологиялық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жасанды интеллектті робототехникамен, өнеркәсіппен және инфрақұрылыммен біріктіретін Physical AI технологияларына қатысты. Қазақстандық стартаптар қазірдің өзінде робототехника, автономды басқару және зияткерлік жүйелер саласында шешімдер әзірлеп жатыр. Сондықтан біз осындай командаларға өз әзірлемелерін дамыту және оларды жаһандық нарыққа шығару үшін инфрақұрылымға, сараптамаға және халықаралық серіктестерге қолжетімділік беретін жағдайлар жасауға ұмтыламыз», — деп атап өтті Astana Hub генерального директоры Мағжан Мадиев.

Сапар барысында қазақстандық технологиялық стартаптарға да ерекше назар аударылды. Дженсен Хуангқа өз ұшу аппараттарын әзірлеу және өндірумен, сондай-ақ ұшуды автономды басқаруға және нақты уақыт режимінде операцияларды үйлестіруге арналған бағдарламалық-аппараттық шешімдерді жасаумен айналысатын ARC Aero технологиялық компаниясының әзірлемелері таныстырылды. Сондай-ақ өнеркәсіп, құрылыс, қалалық инфрақұрылымға арналған зияткерлік цифрлық егіздердің қазақстандық технологиялық платформасы — QazTWIN көрсетілді; бұл ретте техникалық диагностиканың жоғары дәлдігімен, тексеру қауіпсіздігімен және инженерлік жүйелерді пайдалану тиімділігімен қол жетпеуге болатын, шектеулі және потенциалды қауіпті аймақтарды тексеру үшін Astana Dynamics өндірісінің роботталған краулерлері қолданылады. DeepInfra — жасанды интеллект модельдерін, соның ішінде үлкен тілдік модельдерді (LLM), кескін мен аудионы өңдейтін генеративті модельдерді, сондай-ақ мультимодальды шешімдерді инференс жасау үшін бұлтты инфрақұрылым ұсынатын технологиялық компания. MiraiTech — адам қозғалысының биомеханикасын талдауға арналған зияткерлік киілетін құрылғылар мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеуге маманданған технологиялық компания; оның спортшыларға арналған негізгі өнімі қозғалыс белсенділігін монбиторингтеуге, физикалық көрсеткіштерді бағалауға және спорттық нәтижелерді оңтайландыруға арналған. Blockchair — блокчейн-аналитиканы және әртүрлі ашық блокчейн-желілеріндегі транзакцияларды іздеу, мониторинг жасау және талдау құралдарын әзірлеуге маманданған технологиялық компания. Ұсынылған жобалар робототехника, автономды жүйелер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудағы технологиялық командалардың әлеуетін паш етті.

Сапарды жалғастыра отырып, Екібастұзда құрылып жатқан деректерді өңдеу орталықтарының ауқымды кластері — Data Center Valley жобасы да таныстырылды. Жоба жалпы энергетикалық қуаты 1 ГВт-қа жететін инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытуды көздейді, бұл ретте көлемі 215 МВт құрайтын бірінші кезеңнің қуаттары қазірдің өзінде толығымен алдын ала сақталған. Data Center Valley жоғары өнімді есептеулер мен жасанды интеллекттің халықаралық орталығына айналуға, көп миллиардтаған инвестиция тартып, жетекші әлемдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде NVIDIA мен Firebird AI серіктестерінің инфрақұрылымын орналастыру үшін жағдай жасауға бағытталған.

Сонымен қатар Дженсен Хуанг жасөспірімдер өзіндік оқыту, практикалық воркшоптар және индустрия сарапшыларымен бірге жобалық зертханалар арқылы цифрлық дағдыларын тегін дамытып, бағдарламалауды үйренетін және шығармашылық бағыттарды меңгеретін креативті технологиялар орталығы — TUMO Astana оқушыларымен танысты. Содан кейін Дженсен Хуанг NVIDIA мен OpenAI қолдауымен өткен және AI-хакатон қатысушыларының саны бойынша GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнатқан әлемдегі ең ірі HackAlem AI жасанды интеллект хакатонының жеңімпаздарымен кездесіп, олармен естелік суретке түсті.

Бағдарламаның келесі кезеңі практикалық-бағдарланған оқытуға негізделген тегін бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі — Tomorrow School студенттерімен танысу болды. Дженсен Хуангқа студенттердің нақты жобалармен жұмыс істеу арқылы бағдарламалау мен AI-технологияларын меңгеретін мектептің білім беру моделі таныстырылды. Кездесуге Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қатысты. Дженсен Хуанг Qazaq AI Research University (QAIRU) университетінің қызметімен және оның жасанды интеллект саласында мамандар даярлау жөніндегі бастамаларымен танысты.

Сапар барысында Дженсен Хуанг 40 миллион бірегей пайдаланушы аудиториясы бар генеративті видео саласындағы NVIDIA технологиялық серіктесі — Higgsfield атты алғашқы қазақстандық юникорнның негізін қалаушылармен кездесті. Платформа өздерінің Soul модельдерін оқыту және Supercomputer 2.0 агенттік өнімін дамыту үшін NVIDIA есептеу технологияларын пайдаланады. Тараптар генеративті видео перспективалары мен Қазақстанның технологиялық экосистемасын дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Дженсен Хуангқа мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектті қолдануды көздейтін AI-Driven Government бағыты таныстырылды. Көрсетілім барысында энергетика, ғарыш саласы, қаржы секторы және ақылды қалаларға арналған аналитикалық платформаның мүмкіндіктері, сондай-ақ макроэкономикалық болжау, қаржы-экономикалық модельдеу, тәуекелдерді бағалау және деректерге негізделген шешімдер қабылдауға арналған AI-модельдері көрсетілді.

Freedom компаниясы Алматы мен Астананың цифрлық егіздерін жасауға бағытталған City-Scale Physical AI жобасын таныстырды. Жоба автономды роботтарды қаланың нақты ортасында оқытуға және сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Жобаның технологиялық негізін NVIDIA компаниясының Physical AI саласындағы шешімдері құрайды. Бұл технологиялар автономды роботтандырылған жүйелерді әзірлеу мен қолданысқа енгізу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Фото Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі/Дженсен Хуанг пен Жаслан Мадиев

Сапардың басты оқиғасы Дженсен Хуанг пен Жаслан Мәдиевтің fireside chat форматындағы эксклюзивті сұхбаты болмақ. Талқылаудың орталығында — жасанды интеллекттің болашығы және Қазақстанның жаһандық AI-экономикадағы рөлі: энергетика мен есептеу инфрақұрылымын дамытудан бастап суверенді жасанды интеллект пен машиналарға нақты әлеммен өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін Physical AI технологияларына дейін. Қатысушылар ЖІ-нің өнеркәсіпті, еңбек нарығы мен білім беруді қалай өзгертетінін, экономика мен қоғам үшін қандай мүмкіндіктер ашатынын және жаңа буынды технологиялық өзгерістерге қалай дайындау керектігін талқылайды. Қазақстанның жасанды интеллект экосистемасын дамытуға, таланттарды даярлауға және әлемдік деңгейдегі технологияларды құруға ерекше назар аударылады.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Дженсен Хуангтың alem.ai-ға сапары Қазақстанның жаһандық AI-экономикада маңызды орын алуға ұмтылатынын айқын көрсетті. Институционалдық қолдауды, есептеу инфрақұрылымы мен адами капиталды біріктіру елдің Physical AI халықаралық орталығы ретінде дамуына негіз қалайды — бұл озық технологиялардың әзірленіп қана қоймай, сонымен бірге сынақтан өтетін және өнеркәсіпте тәжірибелік қолданыс табатын алаңы болмақ.

Дженсен Хуангтың сапары Astana Hub қолдауымен және NVIDIA бас серіктестігімен Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға бағытталған іс-шаралар сериясы — AI Month шарасын қорытындылады. Бағдарлама 23 қыркүйекте NVIDIA пен OpenAI қолдауымен өтіп, AI-хакатон қатысушыларының саны бойынша GUINNESS WORLD RECORDS рекордын орнатқан халықаралық HackAlem AI хакатонынан бастау алды

Сайт Әкімшілігі