Нығматулин министрлерге кешке кездесуді ұсынды
Парламент мәжілісінде Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заңның жобасы қаралды.
Екіжақты келісімге 1995 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған болатын. Бұл мәселе бойынша цифрлық даму, қорғаныс жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ баяндама жасады. Депутаттардың Ресей федерациясына жалға беріліп отырған қала жөнінде министрге қоятын сұрақтары көп болды. — Хаттамада Байқоңыр қаласы аумағында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының тізбесінде білім беру және денсаулық сақтау бөлімдерін құру көзделмеген, - деді депутат Бақытбек Смағұл. — Бұл ретте Байқоңыр қаласындағы халықтың 50 пайызы жергілікті тұрғындар екені белгілі. Осы қызметтерге халықтың қолжетімділігін қалай жақсартамыз, оның сапасын жақсарту мақсатында аталған бөлімдерді құру жоспарланып отыр ма?Бұған Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ кібіртіктеп жауап берді: — Бұл хаттама күшіне енгеннен кейін мемлекеттік мекемелер өз бөлімдерін ашуға ешқандай кедергі болмайды. Сіз дұрыс айтасыз, Байқоңыр қаласында білім беру және денсаулық сақтау мекемелері жұмыс істемейді. Өйткені, бұл министрліктерден ұсыныстар келіп түскен жоқ. Болашақта ұсыныс түскеннен кейін хаттамаға сәйкес бөлімшелерді ашуға мүмкіндік бар.Министрдің жауабына мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қанағаттанбады. — Қай министрден тосып отырсыз? – деді мәжіліс төрағасы. — Білім және денсаулық сақтау министрлігінен... — Бір үкіметте отырсыздар. Бір кеште кездесіп, шешім қабылдауға болады ғой. Байқоңыр қаласы тұрғындарының 50 пайызы қазақстандықтар… Не денсаулық сақтау, не білім бөлімдері жоқ. Ертең балаларды қай мектептерге алып барады? Қай емханаға барады? Барлық сұрақтар осыдан шығады. Ал, сіз министрліктен әлі ұсыныс жоқ дейсіз… Оны тосып отырмай, бір үкіметтегі үш министрлік жолығып, бір шешімге келуге болады ғой. — Иә, сіз айтқандай кешке кездесіп, бір шешімге келеміз, — деп күлді министр Асқар Жұмағалиев. — Кешке жақын олармен осы сұрақпен кездесуді ұмытып кетпеңіздер… Кім біледі...Мәжіліс төрағасының бұл әзіліне енді депутаттар мәз болып күлді.Фото: Жас Алаш