Әлеумет

Нью-Йоркте пышақ ұстаған әйел көшедегі адамдарға шабуыл жасады: бір адам қаза тапты

Нью-Йорктің орталығындағы Таймс-сквер алаңында екі асүй пышағымен қаруланған әйел көшедегі адамдарға шабуыл жасады. Салдарынан 32 жастағы әйел қаза тауып, 68 жастағы ер адам жараланды. Шабуыл жасаған әйелді полиция атып өлтірді.

Фото: ашық дереккөз

Оқиға 31 тамыз күні кешкі уақытта болған. The New York Times басылымының мәліметінше, шабуыл жергілікті уақыт бойынша сағат 16:30 шамасында 43-көше мен Жетінші авеню қиылысында, полиция бекетіне жақын жерде болған.

49 жастағы күдікті Нью-Йорктің Куинс ауданында тұрған.

Алдымен ол метро станциясынан шығып, әйелімен бірге жолдан өтпек болған 68 жастағы ер адамға шабуыл жасап, іш тұсынан пышақ сұққан. Бірнеше секундтан кейін 32 жастағы әйелге тап беріп, оны да ішінен пышақтаған.

Екі адам да ауруханаға жеткізілді. Алайда 32 жастағы әйел алған жарақатынан көз жұмды. Ер адамның жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

Полиция шабуыл жасаған әйелді атып өлтірді

Нью-Йорк полициясының комиссары Джессика Тиштің айтуынша, тәртіп сақшылары әйелді бірнеше минут бойы пышақты тастауға көндіруге тырысқан. Алайда ол полиция талабына бағынбай, тәртіп сақшыларына қарай ұмтылған.

Осыдан кейін полицейлер алдымен электрошокер қолданып, кейін оқ атқан. Әйел алған жарақатынан қаза тапты.

Полиция мәліметінше, шабуыл жасаған әйелдің психикалық денсаулығына байланысты бұған дейін де бірнеше оқиға тіркелген. Мұндай жағдайлар 2018 және 2019 жылдары болған. Дегенмен ол кезде әйел қамауға алынбаған.

Құқық қорғау органдары Таймс-сквердегі шабуылды террорлық әрекет деп санауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани мен полиция комиссары Джессика Тиш тәртіп сақшыларының әрекеті бұдан да көп адамның зардап шегуіне жол бермеді деп бағалады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Нью-Йорк