Оқиғалар

Охридтегі жаңа дипломатиялық көпір

Қазақстанның Солтүстік Македониядағы дипломатиялық өкілдігінің қызметі жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Фото: СІМ

Соның бір көрінісі – елдің әйгілі Охрид қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консулдық екі ел арасындағы сауда, туризм және мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Төтенше және өкілетті елшісі Сатыбалды Бұршақов қала әкімі Кирил Пецаковпен кездесті. Кездесу барысында елші қала басшысына Охрид қаласындағы Қазақстанның жаңадан тағайындалған құрметті консулы Гиоргий Войновикті таныстырып, оған Консулдық патентті салтанатты түрде табыс етті.

Сондай-ақ кездесуде қос тарап екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту перспективаларына ерекше назар аударды.

Құрметті консулдықтың ашылуы Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өрісі кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің 80 елінде Қазақстанның 121 дипломатиялық және консулдық мекемесі жұмыс істеп тұр.

Бұл желінің міндеті консулдық қызмет көрсетумен шектелмейді. Қазіргі дипломатияда елшіліктер мен консулдықтар экономикалық байланыстарды дамытуға, инвестиция тартуға, ұлттық мәдениетті танытуға, азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға және мемлекет туралы объективті ақпарат таратуға белсенді қатысады.

Ал Құрметті консулдықтар осы жүйені жергілікті деңгейде толықтыратын маңызды құрал саналады. Әсіресе елшілігі жоқ немесе дипломатиялық өкілдіктің тұрақты жұмысын қажет етпейтін қалаларда Құрметті консулдықтың болуы жергілікті билікпен, бизнес өкілдерімен және қоғамдық ұйымдармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Охрид Солтүстік Македонияның ғана емес, бүкіл Балқан өңіріндегі танымал туристік орталықтарының бірі саналады. Сондықтан онда консулдық ашудың маңызы зор. Охрид – Балқандағы тарихи және мәдени мұрасы ерекше сақталған қалалардың бірі. Мұнда жыл сайын халықаралық мәдени іс-шаралар өткізіліп, шетелдік туристер көптеп келеді.

Кездесуде екіжақты туризмді дамытып, Қазақстанның туристік әлеуетін Солтүстік Македонияда таныстыру жайлы сөз болды. Қазақстанда шетелдік туристер үшін тартымды бағыттар аз емес. Астана мен Алматы, Түркістан, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Маңғыстау мен Бурабай секілді нысандар Қазақстанның туристік брендін қалыптастыратын маңызды орындарға айналып келеді.

Екі елдің туристік операторлары арасында байланыс орнап, тікелей ақпарат алмасу күшейсе, Қазақстан мен Солтүстік Македония азаматтарының өзара туристік сапары артады деген сенім бар.

Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы дипломатиялық қатынас 1995 жылы 1 маусымда орнаған. Қазір екі елдің дипломатиялық байланысында жаңа кезең басталып жатыр. 2024 жылы наурызда Қазақстанның Скопьеде елшілігі ашылды. Ал 2025 жылы 4 шілдеде Қазақстан Елшілігінің ресми ашылу рәсімі өтті. Елшілік Қазақстанның Солтүстік Македониямен байланысын жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік беретін негізгі дипломатиялық орталыққа айналып отыр. Оның қызметі саяси диалогпен қатар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттарды қамтиды.

Ал Охридтегі Құрметті консулдық елшіліктің мүмкіндігін өңірлік деңгейде толықтырады. Яғни Скопье мемлекеттік және саяси орталық ретінде Қазақстан-Солтүстік Македония байланыстарының негізгі арнасы болса, Охрид туризм, мәдениет, өңірлік бизнес және гуманитарлық байланыстардың жаңа нүктесіне айналады деген сенім бар.

Еламан Өмірхан

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: консул