Саясат

Ойлан, қазақ! Австралияның опығы сабақ болсын!

Ертең Қытайдың экономикалық «қақпанына» түсіп қалмайық

Jasalash.kz

      Басқа елдің заңды тұрғыны болып жүрген қытайлықтарды «хуацяо» дейді. Қу Қытайдың адамдары қолынан келгенше, өзге мемлекеттің азаматтығына ие боып, сол елде тұруға тырысады. Қытай билігінің 13 жыл бұрынғы, 2008 жылғы есебінде сырттағы қытайлар саны 48 миллион адамнан асқан.

      Осылай деп, филология ғылымының кандидаты Нұртаза Қадырниязов дабыл қағып отыр. Ғалым мынадай деректерді алдымызға жайып салды:2011 жылғы деректерге сенсек, Индонезияда 8 миллионнан астам, Таиландта  7,5 миллион, Малайзияда 6,5 миллионнан астам, Сингапурде 2,8 миллион, АҚШ-та 4,1 миллион, Канадада 1,5 миллион, Филиппинде 1,2 миллион, Мьянмада, шамамен, 1 миллион ұлты қытай адамдар сол елдердің азаматтығын алған. Бұл тек «қытайларының саны» миллионнан асатын елдердің ғана тізімі.Пекиннің осындай саясатының арқасында, Қытай ғаламат экономикалық жетістікке жетіп отыр.

        2000 жылдың басында австралиялық зерттеу институттарының бірі мәлімдегендей, шетелдегі қытайлардың «жалпы трансұлттық өнімі» 400 млрд доллардан асқан әрі оның 46 пайызы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің үлесінде болған. Қысқасы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде қытайлардың мысы жоғары, Қытай экспансиясының негізгі векторы осы аймаққа бағытталған. Бұл елдерде сауда-саттықты, капиталдың басым бөлігін (жерді айтпағанда) бақылайтындар да,  экономикадағы негізгі акцияларды иеленушілер де – қытайлар.      Мәселен, 200 миллион мұсылман халқы бар Индонезияда халықтың небәрі 3,5 пайызын құрайтын қытайлар елдегі ең ірі компаниялардың 73 пайызын бақылайды. Бұл елдің 300 ең ірі компаниясының активтерінің 75 пайызы  қытайлардың қолында, жарғылық капиталдағы қытайлардың үлесі 80 пайыздан асқан.      Малайзияның қытайлары (халықтың шамамен 29 пайызы) елдегі компаниялар капиталының 61 пайызын бақылайды. Филиппинде халық санының 1 пайызын құрайтын қытайлар биржада саудаланатын акциялардың 60 пайызын ұстап отыр, Таиландта (халықтың 11 пайызы) қытайлар листингке шыққан ең табысты компаниялар капиталының 81 пайызын бақылауда.Австралия, Бирма, Лаос, Шри-Ланка мен Вьетнамда да ұлты қытай азаматтар экономикада үлкен ықпалға ие.

       «Форбс» журналы 2010 жылы жазғандай, Оңтүстік-Шығыс Азияның тек бес мемлекетінде ғана қытай диаспорасынан шыққан 124 миллиардердің байлығы 152 млрд долларға жеткен. Ірі бизнеске ие болған мол ақшалы қытай диаспорасы не істейді? Олар жергілікті билік пен ықпалды топтарды ақшамен майлап, халыққа «Қытайдан пайда болмаса, еш зиян жоқ» деген идеяны тықпалайды. Мәселен, Таиланд билігі бүгінде Қытай бизнесімен әбден қатты ауыз жаласқан. Тіпті АҚШ-тың өзінде қытай диаспорасы Қытайдан шыққан қорлардың америкалық компанияларды сатып алуына ықпал етіп қана қоймай, АҚШ-тың билік құрылымдарында Қытайдың мүдделерін күйттеуде.

        Қазір Қытайдан жұмыс күшін тартып жатқан Қазақстанға бұл жерде Австралияның опығы үлкен сабақ болуы тиіс. Австралия да Қазақстан сияқты – жері үлкен, халқы аз. 7,7 миллион шаршы шақырым жерде небәрі 25,7 миллион халық тұрады. Соңғы деректерге қарағанда, қазір 1,5 миллион қытай Австралияның  азаматтығын алып, сол елде заңды жұмыс істеп жүр. Елдегі қытайлар саны жылына 200 мың адамға көбейіп келеді, жалпы, Австралияда тұрақтауға келіп жатқандардың 70 пайызы солар екен.

       Австралияда бала туу жағынан да қытайлар оза бастады, қытайға күйеуге шығатын Австралияның аққұба қыз-келіншектерінің қатары көбейіп келеді. Австралиялық хуацяолар қазір ағылшындардан кейінгі екінші ең ірі диаспораға айналыпты. Қытайдың ерекшелігі – олар тұратын еліндегі негізгі халықпен ассимиляцияға түспейді. Жуырда экономикалық көрсеткіштерін көтеру үшін Австралия билігі стратегиялық Дарвина портын 99 жылға қытайлардың басқаруына берді.       Сосын Шри-Ланка деген аралдағы мемлекет бар. Ондағы 20 миллион халықты талай жылдан бері ұры-жемқор Раджапактардың отбасылық кланы билеп-төстеп отыр. Президент Раджапак Готобайя болса, оның ағасы Махинда – премьер-министр, тағы бір ағасы Бэзил – қаржы министрі, інісі Чамаль – ел парламентінің спикері, тағы екі жақын туысы – депутат. Пекиннің алдында зор қарызға батқан президент Готобайя бұрнағы жылы Хабантота әуежайын, Хамбонтота теңіз портын қытайларға беруге мәжбүр болды.

       Қытай қарызының қақпанына Аргентина, Намибия мен Лаос деген елдер түсіп отыр. Өле-өлгенше тақтан түспей қойған Роберт Мугабенің Зимбабвесі Қытаймен дос болып, соның қарызына батқаны ақыры юаньді ұлттық валюта етуге әкеп соқты.      Мұның бәрі – қазақ билігіне ескерту. Отыз жыл бойы Қытаймен ойнап, мұнай-газ кеніштерімізді бердік, жұмыс күшімен бірге 51 зауытын әкелеміз дедік. 2019 жылы Қытайға қарызымыз 12 млрд доллар болған. Биыл жазда біздің билеушілеріміз «Орталық» Өндіруші кәсіпорны» ЖШС мен «Қазатомпромның» 49 пайыз үлесін қытайдың China General Nuclear Power Corporation компаниясына бергелі отыр.

      Әлем елдерінің ешбірімен Қытайдың дос болуы мүмкін емес. «Ұлы шайқасты ұрыссыз жеңу керек» деген мақал бар қытайда. Қытайға қарыз болғандар табиғи байлығынан ғана емес, ертең тәуелсіздігінен де айырылып қалуы мүмкін. Осыны әрдайым біліп жүрсін деп, біз әр қазаққа ұлттық генетикалық код енгізіп қоюымыз керек.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега