Ойланатын уақыт келді
Шынын айту керек, еліміз егемендік алғаннан бері көп жұмыстар жасалды: көршілес елдермен шекарамызды анықтап алдық, халық бірлігі сақталып отыр, әлем мойындайтын сыртқы саясат жүргізілді, қалаларымыз бен көшелеріміз абаттандырылды.
Ұлтымыздың рухани жаңғыруы, ұлттық код бекітілді. Басшы азаматтарымызға алғысымыз шексіз. Десек те, кезінде ол ел қарызға батып, 50 миллион қытай аштан қырылған екен. Бұл туралы өткен жылы «Шыңғыс хан» журналында тарихшы-ғалым Т.Әбенайұлы жазды.
Әлі есімде, 1961 жылы 17-31 қазанда Мәскеуде өткен XXII съезде Қытай компартиясы делегаттарын басқарып келген Чжоу Энь-Лай баяндама жасады. Сол кездегі студенттер мен жұмыс істеп жүрген жастар осы күні 80-ге келген көзі тірі куәгерлер.
Чжоу Энь-Лай өз баяндамасында мемлекетті саясатшы басқармау керегін айтты. «Мемлекетті тәжірибесі мол, ауыл шаруашылығын басқарған білікті маман басқарса, елде ауыл шаруашылығы дамиды. Ауыл шаруашылығына керек техника жасайтын зауыттарды тәжірибелі, білікті, күшті инженер басқарса, елде зауыттар жұмыс істей бастайды» деп, саясатшылар сол басшылардың бағдарламаларын халыққа айтып, түсіндіріп жүретіндер болуы керегін айтты. «Ал егер елді саясатшылар басқарса, «бізде бәрі жақсы» деп, тек декорация жасап жүре береді, елдің экономикасы құлайды» деді.
Сол уақытта жасаған баяндамасы «Экономика – маршал. Политика – послушный солдат» деген атпен кішкентай кітапша болып та шықты. Өкінішке қарай, СОКП басшылары осы съезден кейін Қытай коммунистік партиясымен қарым-қатынасты үзді. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, кітапханалардан сол айтылған материалдарды алдырып тастады. Дегенмен сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу жастар Чжоу Энь-Лайдың баяндамасында айтылғандарды жақсы есте сақтап қалды.
Осы күндері отырып ойланамын, еліміздегі саяси партиялар бірігіп, ауыл шаруашылығын көтеруді, экологиялық таза өнімдерді дастарханымызға ұсынатын зауыттарды салып, жұмыс істеуін қадағалайтын тәжірибелі басшыны билікке сайласа дұрыс болар еді деп. Осындайда «Адамзат, өзіңе-өзің көмектес, сырттан көмек күтпе» деген ойшылдарымыздың сөзі еске түседі.
Бізбен көрші елдер дамыған ел болғанымызды қаламайды. Оларға бәсекелес ел керек емес. Олар бізді шикізат колониясы ретінде пайдаланады. Бұл айтылған жұмыстарды, негізі, серіктестер, жекеменшіктегі нысандар меңгере алмайды. Олар техника сатып алса, жалақы төлей алмайды, жалақы төлесе, керек техникаларын сатып ала алмайды. Қажет мамандарды да таба алмайды. Сондықтан Қытайдағыдай үлкен зауыттарды, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды, керек мамандар мен ғалымдарды іске қосуды үкімет қолға алуы керек.
Сондай-ақ еліміздің миллиардтаған қаржысы түрлі жолдармен барып шетел банктерінде жатыр. Соларды үкімет елге алдырып, халықтың керегіне жаратуы тиіс. Біз демократияға бет бұрған еліміз, отаншыл азаматтар мен басшылар ойланса екен.