Әлеумет

Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл Қазақстанның жанармай нарығына әсер етуі мүмкін - БАҚ

Украинаның дрондары Омбы мұнай өңдеу зауытына жасаған шабуылы Ресейдің ғана емес, Қазақстанның да жанармай нарығына ықпал етуі ықтимал.

Фото: РБК-Украина колажы

Кеше украиналық дрондар Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі саналатын Омбы мұнай өңдеу зауытына соққы жасады.

Алдын ала мәлімет бойынша, алғашқы мұнай өңдеу процесіне арналған ЭЛОУ-АВТ-11 қондырғысы зақымдануы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл қондырғы зауыт өндірістік қуатының елеулі бөлігін қамтамасыз етеді.

Әзірге зақымның нақты көлемі мен оның өндіріс жұмысына әсері туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Соған қарамастан, Омбыдағы осындай ірі мұнай өңдеу зауытындағы оқиға Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені Омбы Қазақстанның Павлодар облысына жақын орналасқан және екі елдің мұнай логистикасында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Омбы бағыты Қазақстаннан шикізат жеткізу және Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысына тарихи тұрғыдан байланысты.

Бірінші қауіп – солтүстік өңірлерді жанармаймен қамтамасыз ету

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге тоқтаған немесе өндірісте уақытша іркілістер болған кезеңдерде Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары жанармай қажеттілігінің бір бөлігін Омбыдан жеткізілетін өнім арқылы өтеп келген.

Егер Омбы мұнай өңдеу зауыты өндіріс көлемін қысқартса, Қазақстан өз мұнай өңдеу зауыттарына көбірек сүйенуге мәжбүр болады.

Ал қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары қазірдің өзінде жоғары жүктемемен жұмыс істеп, жоспарлы жөндеу жұмыстарына мезгіл-мезгіл тоқтап тұрады.

Екінші қауіп – Ресейдің Қазақстаннан қосымша жанармай сұрауы

Бұған дейін Ресей мен Қазақстан шамамен 50 мың тонна АИ-92 және АИ-95 бензинін жеткізу мәселесін талқылағаны хабарланған.

Егер Омбы зауытының өндірістік қуаты айтарлықтай төмендесе, Ресейге қосымша жанармай көлемі қажет болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда технологиялық әрі логистикалық тұрғыдан Омбы бағытымен байланысқан Павлодар мұнай-химия зауытына қосымша жүктеме түсуі ықтимал.

Бұл өз кезегінде Қазақстанның ішкі жанармай теңгеріміне қосымша қысым түсіруі мүмкін.

Үшінші қауіп – жанармайдың заңсыз шығарылуы

Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы Ресейге қарағанда төмен.

Егер Омбыдағы оқиғадан кейін Ресейдің Сібір өңірлерінде жанармай тапшылығы немесе бағаның өсуі байқалса, Қазақстаннан шекара арқылы жанармайды заңсыз алып шығуға талпыныстар күшеюі ықтимал.

Мұндай жағдайда Қазақстан билігі мұнай өнімдерінің құрлық шекарасы арқылы шығарылуын бұрынғыдан да қатаң бақылауға мәжбүр болуы мүмкін.

Бұған дейін үкімет жанар-жағармайды заңсыз әкетуге қарсы бақылауды күшейтіп, шекарадағы өткізу бекеттерінде, шекара маңындағы автожолдарда тексерулер жүргізіп, қосымша бактар мен канистрлері бар көліктерге ерекше назар аударған болатын.

Қазіргі уақытта Омбыдағы жағдайдың Қазақстанға мұнай жеткізіліміне, Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысына немесе ішкі жанармай нарығына әсері туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Дегенмен бұл оқиға Қазақстанның отын қауіпсіздігіне төнетін қауіптердің енді тек ел ішінде ғана емес, өңірлік логистикамен байланысты көрші мемлекеттердің инфрақұрылымындағы жағдайларға да тәуелді екенін көрсетті.

Сайт Әкімшілігі