Он айда он бір мың қазақ көшіп келген
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәлімет бойынша, 2018 жылдың 1 қазан айы бойынша республикаға 7 162 отбасы немесе 11 617 этникалық қазақ қоныс аударып, оралман мәртебесін алған.
Атажұртқа оралған қандастардың көбі – 47,9 пайызы Өзбекстаннан, 40,4 пайызы- Қытайдан, 3,8 пайыз — Моңғолиядан, 2,9 пайыз — Түркменстаннан, 1,3 пайыз — Ресейден және 3,7 пайыз — басқа елдерден көшіп келіпті. Елге келген оралмандардың ең көп бөлігі Алматы облысына (32 пайыз) қоныс тіккен. Ал Түркістан облысына биыл келген оралмандардың 18,1 пайызы, Маңғыстау облысына 10,9 пайызы, Астана қаласын 9,4 пайызы қоныстанған. Жас мөлшері мен еңбекке қабілеттілігіне қарасақ, биыл елге оралған қадастарадың 63,9 пайызы жұмысқа қабілетті. 18 жасқа дейінгі балалар – 26,9 пайыз, ал зейнеткерлер небәрі 9,2 пайыз. Білім деңгейі бойынша еңбекке қабілетті жастағы оралмандар қатарынан 15 пайызы жоғарғы, 26 пайызының арнайы орта, 53 пайызының жалпы орта және 6 пайызының білімі жоқ. Айта кету керек, соңғы жылдары оралмандар мәселесіне қатысты бірқатар бағдарламалар қабылданып, оларды Қазақстандағы жағдайға бейімдеу мәселелеріне қатысты да бірқатар мәселелер жолға қойылып келеді. Солардың бірі — оралмандарды ішкі көші-қон мәселесіне араластыра отырып, белгілі жеңілдіктерге ие қылу. Мәселен, соңғы кездері солтүстік жаққа қоныстандыру саясаты. Бұл мәселе бойыншп жалпы көшу үрдісінде қазір статистика мәліметеріне сәйкес жастардың 44% Оңтүстік Қазақстанда тұрады. Ал, Солтүстік Қазақстанның миграциялық сальдосы теріс көрсеткішке ие. 2025 жылы диспропорция орын алып, оңтүстік өңірлерде солтүстік өңірлерге қарағанда 5 млн адам артық болуы мүмкін. Былтыр еліміздегі ішкі көші қон бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысына 400 отбасы және 592 оралман отбасы көшірілген.Сонымен қатар, бұл квоталардың санын жыл сайын ұлғайту көзделіп отыр.Осы және «Нұрлы көш» бастаған мемлекеттік бағдарламалар негізінде осыған дейін миллионнан астам қандасымыз Қазақстанға көшіп келген.