Оқиғалар

Өнеркәсіптік кооперация – экономикалық өсімнің маңызды факторы

Қазақстан өнеркәсіптік өндірісті дамыту және өңдеу секторын күшейту бағытында халықаралық әріптестікті кеңейтіп келеді.

Фото: ашық дереккөз

 Осы мақсатта Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Басқосуда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өндірістік байланыстарды нығайту және өңдеу өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты кеңейту негізгі тақырыптардың бірі болды.

Кездесу барысында машина жасау, өнеркәсіп өндірісі, минералдық шикізатты өңдеу және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Сонымен қатар инвесторларды қолдау тетіктері, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері, өндірістік кооперацияны дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар таныстырылды.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперация портфелінде ондаған миллиард долларды құрайтын жүздеген бірлескен жоба бар. Олардың басым бөлігі өндірістік кәсіпорындарды іске қосуға, жаңа технологияларды енгізуге және мыңдаған жұмыс орнын ашуға бағытталған. Мұндай жобалар ішкі өндірісті дамытуға ғана емес, экспорттық әлеуетті арттыруға және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, индустриялық кооперация өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар технология алмасуға, инвестиция тартуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға жол ашады. Сондықтан халықаралық өндірістік серіктестікті дамыту Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

Өнеркәсіп саласындағы осындай бірлескен бастамалар еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына серпін беріп, өндіріс әлеуетін арттыруға және экономиканың тұрақты өсуіне негіз қалыптастыруда.

Сайт Әкімшілігі