Сараптама

"Оңайды" бассаңыз, ресейлік "Золотая корона" шығады. Алматы әкімдігі жауаптан неге жалтарды?

Алматыда қоғамдық көліктегі төлем жүйесіне қатысты тағы да мәселе көтерілді.

Фото ЖИ / JasAlash

 Бұл жолы автобустағы "Оңай" төлем жүйесінің терминалынан "Золотая корона" деген жазу жылт етіп шыға келген.  Жолақысын төлеген қала тұрғындарын бұл жағдай елең еткізді. Жағдайға жолаушылардың алаңдауы орынды. Себебі сөз болып отырған "Золотая корона" Ресейге тиесілі төлем жүйесі. Ал оның қазіргі уақытта АҚШ санкцияларына іліккені белгілі. Сондықтан Қазақстандағы қоғамдық көліктің төлем инфрақұрылымында ресейлік сервистің не себепті көрінгені көпшілікке түсініксіз.

Алматы тұрғындары мен қала қонақтары 10 жылдан бері қоғамдық көлікте "Оңай" төлем жүйесін қолданып келеді. "Оңай" 2015 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілген. Оны Алматы әкімдігі "Алматы қаласының көлік холдингі" ЖШС-мен бірлесе жүзеге асырған. "Алматы қаласының көлік холдингі" құрылтайшылары ретінде "Onay Solution" ЖШС және Садир Хамраев көрсетілген. "Onay Solution" компаниясы Илья Кан мен Виталий Канның меншігінде. Сонымен қатар құрылтайшылар қатарында Ольга Нигай бар. Бұған дейін БАҚ беттерінде Алматыда "Оңай" төлем платформасының орнын Avtobys цифрлық жолақы төлеу жүйесі басады деген ақпарат тараған-ды. Алайда Алматы әкімдігі "Оңайдан" түбегейлі бас тартпайтынын мәлімдеген. 

"Оңай" төлем жүйесінің терминалынан көрінген жазудан кейін алматылықтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Ол – "Оңай" картасын рәсімдеу кезінде жеке деректердің енгізілуі. Картаны, соның ішінде мектеп оқушыларына, студенттерге арналған карталарды алу үшін азаматтар ЖСН-ін және жеке куәлік деректерін тіркейді. Ал экранда көрінген "Золотая коронаның" "Оңаймен" қандай да бір байланысы болса, қазақстандықтардың жеке деректеріне қатысты заңды сұрақ туындайды. Әзірге "Оңай" пайдаланушыларының жеке деректері "Золотая корона" жүйесіне берілетіні туралы нақты дәлел жоқ.

"Ресейлік төлем жүйесінің Қазақстандағы жол ақысын төлеу жүйесіне қандай қатысы бар? Біз "Оңай" картасын рәсімдеген кезде жеке ақпараттарымызды ұсынамыз. Демек, менің жеке деректерім Ресейдің төлем жүйесімен де байланыстырылған ба? "Оңай" платформасының өкілдері "Золотая коронамен" арадағы байланыстың нақты мәнін қоғамға ашық әрі түсінікті түрде түсіндіруі керек. Себебі мәселе қарапайым техникалық жазуға ғана келіп тірелмейді. Әңгіме азаматтардың жеке деректеріне қатысты болып отыр.  ЖСН – жай ғана автобус нөмірі емес. Ол адамның жеке басын сәйкестендіретін маңызды дерек. Сондықтан жолаушы бірнеше жыл бұрын қоғамдық көлікте жолақысын адал төлегені үшін жеке мәліметтерінің кейін өзі білмейтін жүйеде немесе платформада пайда болғанын қаламайды", – деп жазды Алматы тұрғыны Әсемай Болатқызы.

"Жас Алаш" редакциясы аталмыш мәселеге қатысты Алматы әкімдігінен жауап алды. Әкімдіктің мәліметінше, жолаушылардың дербес деректері Ресей компаниясында сақталады деген ақпарат жалған.

"Ақпараттық кеңістікте жолаушылардың дербес деректері Ресей компаниясында сақталады деген ақпарат таралуда. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Компания деректерді сақтау және өңдеу үшін Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзінің инфрақұрылымын, серверлік қуаттарын және дерекқорларын пайдаланады. Сондай-ақ дербес деректерді жинау және өңдеу жұмыстары тек Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша сынақтан өткен отандық бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Компания деректерді сақтау және өңдеу үшін Қазақстан аумағында орналасқан өзінің инфрақұрылымын, серверлік қуаттарын және дерекқорларын пайдаланады", – делінген Алматы қаласы әкімдігінің ресми жауабында.

Яғни әкімдіктің ресми түсіндірмесінде азаматтардың дербес деректері Ресей аумағындағы серверлерде сақталмайтыны және оларды өңдеу Қазақстандағы инфрақұрылым арқылы жүргізілетіні айтылған. Десе де, "Золотая коронамен" "Оңайды" не байланыстырады? Терминалда шыққан жазуды қалай түсінуге болады? Әкімдік бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырды.

Ресейлік төлем жүйесіне қатысты мәселенің тағы бір қыры бар. 2026 жылғы 23 шілдеде Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакетін қабылдап, оның аясында Новосібірде орналасқан РНКО "Платежный центрді" санкциялық тізімге енгізді. Еуроодақтың құжаттары мен жарияланған мәліметтерге сәйкес, бұл ұйым "Золотая коронаның" операторы әрі есеп айырысу орталығы ретінде көрсетіледі. Санкциялық шектеулер енгізілгеннен кейін "Золотая корона" арқылы бірқатар бағыт бойынша ақша аударымдары тоқтады. Атап айтқанда, 24 шілдеден бастап Ресейден Қазақстанға ақша аудару мүмкіндігі шектелгені туралы ақпарат тарады.

Фото скриншот / instagram/tilkespekjoq/Золотая Корона

Ал "Золотая корона" сайтында ONAY картасы олардың көлік карталарының бірі ретінде көрсетілген. Платформадағы Ресей өңірлеріндегі "Электронды жол жүру билеті" деген бөлімдегі тізімде "Оңай" картасы да бар. Ол жерде жүйеге қатысты қызмет көрсету орталықтары, көлік карталарының түрлері, оларды толықтыру тәсілдері және пайдалану ережелері туралы ақпарат берілген. Ресей өңірлеріне тиесілі транспорттардың жол ақысын төлеу карталары көрсетілген бөлімде қазақстандық "Оңаймен" қатар қырғызстандық "Жет" төлем картасы да тұр.

"Золотая коронаның" ресми сайтындағы 2022 жылдың 10 наурызында жарияланған мәліметте:

"2021 жылғы желтоқсанда Қарағанды қаласында ONAY брендімен жоба іске қосылды. Бұл –  "Золотая Корона" бағдарламалық жасақтамасы негізінде жұмыс істейтін жүйе енгізілген Қазақстандағы екінші қала. ONAY жүйесіндегі алғашқы жоба 2016 жылы Қазақстанның оңтүстік астанасы – Алматы қаласында іске қосылған болатын. Қарағандының бірыңғай көлік карталары Алматы қаласында да қолданылады. Бүгінде Қарағанды қаласындағы ONAY жүйесіне 648 көлік құралы қосылған", – делінген.

Бұл жерде "Оңай" жобасы "Золотая Корона" бағдарламалық жасақтамасы негізінде жұмыс істейтін жүйе ретінде сипатталады. Ал "Оңай" жүйесінде "Золотая Корона" компаниясының бағдарламалық жасақтамасы қолданылатыны көп жағдайда айтыла бермейді. Демек, Алматыдағы "Оңай" төлем терминалында пайда болған жазу да кездейсоқ емес.

Осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін "Жас Алаш" Алматы қаласының көлік холдингіне хабарласты. Тұтқаны көтерген оператор мәселеге қатысты ресми сауал жолдауымызды сұрады. "Жас Алаш" бұған қатысты ресми сауал дайындап жатыр. Қалай болғанда да Алматы қаласының көлік холдингі, "Оңай" өкілдері "Золотая коронамен" арадағы байланыстың нақты мәнін қоғамға ашық әрі түсінікті түрде түсіндіруі керек.

Маржан Сәбет

Сайт Әкімшілігі