Оңтүстік Кореядағы жаппай төбелеске қазақстандықтардың қатысы бар ма?
Жаппай жанжал 3 қазан кешке балабақша мен бастауыш мектептің маңында болған. Алғашқы мәліметтерде қақтығысқа шамамен 40 адам қатысқаны айтылған.
Алайда бейнебақылау жазбаларын зерттеген полиция төбелеске тікелей 15 шақты адамның қатысы барын мәлімдеген. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласында болған жаппай төбелеске қатысып, ұсталғандар арасында әзірге Қазақстан азаматтары анықталған жоқ.
Оқиға орнынан полиция ағаш таяқтар мен бейсбол таяқтарын тапқан. Қазір шамамен 20 жастағы екі ер адам ұсталған. Қалған қатысушылар іздестіріліп, олардың жеке басы мен азаматтығы анықталып жатыр.
Бұған дейін жанжалға Орталық Азия елдерінен барған азаматтар, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары қатысуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда қалған қатысушылардың азаматтығы әзірге ресми түрде расталған жоқ.