Қоғам

Өңірде әкімдерді сайлау бойынша үш пилоттық аймақ анықталды

"ҚР сайлау туралы" Заңға сәйкес, Ақтоғай және Осакаров аудандарының, Приозерск қаласының әкімдерін пилоттық тәртіппен сайлау туралы шешім қабылданды.

Jasalash.kz

Бұл өңірлерде саяси науқан  5 қарашада өтеді.

– Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын шақыруға Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлануын сынақтан өткізу қажеттігі туралы тапсырмасы негіз болды. Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қорытындысы бойынша, пилоттық өңірлер ретінде депутаттық корпус Ақтоғай және Осакаров аудандарының, сондай-ақ Приозерск қаласының әкімін сайлауды ұсынды, – деді Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Қобжанов.

Демократиялық мемлекет үрдісіне сәйкес, халық қажетті үміткерін өзі сайлауы– ауылдың келешегін кемелдендіріп, тұрғындардың тұрмысын көтеруге ықпал етпек. Бүгінгі таңда саяси процестерді дамытуға өңірлік деңгейде баса назар аударылып отырғаны әсіресе, ауыл халқына үміт отын жағуда.

— Егер бұрын әкімдерді жанама құқық негізінде мәслихат депутаттары таңдаса, енді таңдау тұрғындарға беріліп отыр. Өйткені, жергілікті халық өз өңірін дамытуға мүдделі және осынау қажеттіліктерді жақсы түсінеді, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Сейфул-Мәлік Қазитов.

 Сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінше, үміткерлерді ұсыну, тіркеу бойынша дайындық жұмыстары басталды.

Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді.

Депутаттар  кезектен тыс сессия барысында қоғамды демократияландыру бойынша реформаның маңыздылығын да  атап өтті.

Айтбала Сүлейменқызы
Тегтер: Без Тега