Онлайн-груминг: баланың сенімін қақпанға айналдырғандар
Интернет пен әлеуметтік желі балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Бүгінде олар онлайн ойын ойнайды, мессенджерлерде сөйлеседі, әлеуметтік желі арқылы жаңа адамдармен танысады. Бір қарағанда қалыпты көрінетін осы цифрлық қарым-қатынастың ар жағында баланың жасын, тәжірибесіздігін және сенгіштігін пайдалануға тырысатын адамдар да болуы мүмкін. Әсіресе өзін қатарласы ретінде таныстырып, біртіндеп сенімге кіріп, кейін баладан жеке ақпарат, фото немесе видео сұрау – интернет кеңістігіндегі аса қауіпті әрекеттердің бірі. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Шымкентте кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз әрекеттерге күдікті ер адам анықталып, ұсталған. Алдын ала деректер бойынша, ол интернет-мессенджерлер арқылы 10-12 жас аралығындағы балалармен танысып, өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде көрсеткен. Осылайша балалардың сеніміне кіріп, олармен интернет арқылы сөйлесуді жалғастырған.
Анықталған жағдайлардың бірінде күдікті қыз баламен онлайн ойын арқылы танысқан. Кейін оның телефон нөмірін сұрап алып, WhatsApp желісінде хат алмасуға көшкен. Полиция мәліметіне сәйкес, сөйлесу барысында ол түрлі сылтаумен жасөспірімнен интимдік сипаттағы фотосуреттер мен бейнежазбалар жіберуді сұраған. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қала тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция күдіктінің кінәсін мойындағанын хабарлады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, оның осыған ұқсас басқа фактілерге қатысы бар-жоғы тексерілмек. Мұндай жағдайдың қауіптілігі – қылмыстық ниеті бар адамның балаға бірден қауіп төндіріп, өзін күмәнді тұлға ретінде көрсетпеуі. Керісінше, қауіпті тұлға баланың сеніміне біртіндеп кіруге тырысуы мүмкін. Алдымен ортақ қызығушылық туралы әңгіме басталады, бірге ойын ойнайды, музыка, мектеп немесе күнделікті өмір жайында сөйлеседі. Өзін құрдас ретінде таныстырған адам баланың күдігін сейілтіп, кейін әңгімені жеке тақырыптарға бұрады. Осындай біртіндеп жақындасу халықаралық тәжірибеде "онлайн-груминг" деп аталады.
Балалар психологы Ақгүл Құсайынның айтуынша, онлайн-грумингтің негізгі мақсаты – баламен эмоционалдық байланыс орнатып, сол сенімді кейін өз мақсатына пайдалану. Сондықтан баланың интернеттегі қауіпсіздігін тек "бейтаныс адаммен сөйлеспе" деген бір ауыз ескертумен қамтамасыз ету қиын.
"Цифрлық кеңістікте бейтаныс адам міндетті түрде бөтен адам болып көрінбейді. Ол өзін 12 немесе 14 жастағы оқушы ретінде таныстырып, баланың сүйікті ойынын ойнап, сол музыкасын тыңдап, тіпті оның мәселелерін түсінетін жақын дос кейпіне енуі мүмкін. Экранның ар жағындағы адамның шын мәнінде кім екенін бала анықтай алмайды. Тағы бір мәселе – ата-аналар интернет қауіпсіздігін көбіне әлеуметтік желілермен ғана байланыстырып жатады. Ал балалар арасындағы онлайн қарым-қатынас қазір әлеуметтік желіден әлдеқайда кең ортада жүреді. Онлайн ойындардың өзінде чаттар, жеке хабарламалар, достыққа қосу және басқа платформаларға өту мүмкіндігі бар. Яғни таныстық ойынның ішінде басталып, кейін WhatsApp, Telegram немесе басқа мессенджерге ауысуы ықтимал. Осы сәттен бастап бөтен адам баланың телефон нөмірі, аты-жөні, мектебі, тұратын ауданы секілді жеке мәліметтерін біртіндеп жинай алады.
Баланың жеке фотосуретін әлдекімге жіберіп қойған жағдайында да ең әуелі оның қауіпсіздігіне мән берген жөн. Өйткені ересек адамның алдауына түскен кәмелетке толмаған баланы кінәлау мәселені шешпейді. Керісінше, бала қорыққандықтан немесе ұялғандықтан болған жағдайды жасыруы ықтимал. Сондықтан ата-ана баласына жеке фото мен видеоны ешкімге жібермеу, интернеттегі адамның сөзіне толық сенбеу, мекенжайы, мектебі, телефон нөмірі сияқты жеке мәліметтерді таратпау, күмәнді өтініш жасалған жағдайда әңгімені тоқтатып, ересек адамға айту қажеттігін ерте жастан түсіндіруі керек. Бұл жерде цифрлық сауаттылықтың мәні де өзгереді. Цифрлық сауаттылық – смартфонды пайдалана білу немесе әлеуметтік желіге тіркелумен ғана шектелмейді. Ол – кімге сенуге болатынын ажырату, жеке ақпараттың құнын түсіну, күмәнді әрекетті байқау және қауіп төнген жағдайда кімнен көмек сұрау керегін білу. Мұндай дағдыларды балаға бір реттік әңгімемен емес, жасына сай үнемі түсіндіріп отырған маңызды", – дейді маман.
Ішкі істер министрлігі де ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырып отыр. Ведомство балалардың әлеуметтік желілердегі, онлайн ойындардағы және мессенджерлердегі байланысына назар аударып, кәмелетке толмағандарға цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіру қажеттігін ескертті. Шымкенттегі оқиға бір күдіктінің ұсталуымен ғана аяқталатын жеке жағдай ретінде қаралмауы тиіс. Ол балалар өмірінің едәуір бөлігі цифрлық кеңістікке ауысқан сайын олардың қауіпсіздігі туралы түсініктің де өзгеруі керектігін көрсетеді. Бұрын ата-ана баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын білуге тырысса, қазір оның интернетте кіммен сөйлесетінін және қандай ортада уақыт өткізетінін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Себебі бүгінгі күні балаға қауіп төндіру үшін бөтен адамның оның алдынан көшеде шығуы міндетті емес. Кейде оған экранның ар жағынан келген бір ғана "Сәлем, танысайықшы" деген хабарлама жеткілікті.
Сәруар Бақберген
Шымкент қаласы