Аймақ

Онлайн-казиноның өтеуі – түрме

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы құмар ойындар нарығын да түбегейлі өзгертті.

Фото : Caravan.kz

Бұрын казиноға кіру үшін арнайы орынға бару қажет болса, бүгінде смартфон мен интернеттің болуы жеткілікті. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі онлайн-платформалар арқылы таралатын құмар ойындар уақыт пен кеңістікке тәуелді болмай қалды. Әсіресе жылдам ұтысқа кенелуді уәде ететін виртуалды ойындар азаматтарды қаржылық тәуекелге ұрындырып қана қоймай, көлеңкелі экономиканың кеңеюіне де жағдай жасап отыр. Мұндай заңсыз бизнестің ауқымы кейде миллиардтаған теңгеге жетеді. Соның бір мысалы – Шымкент қаласында әшкереленген екі онлайн-казиноның қызметі.

Шымкентте Bingo-37 және Lotoboom платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында аталған онлайн-казинолардың жалпы ақша айналымы 3,1 млрд теңгеге жеткені анықталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ұйымдастырушылар азаматтарды құмар ойындарға тарту үшін WhatsApp мессенджерін пайдаланған. Олар әлеуетті қатысушыларға арнайы ұсыныстар жіберіп, қызығушылық танытқан адамдарға жеке аккаунт ашқан. Ойыншыларға логин мен құпиясөз беріліп, қаражат аудару үшін банк шоттарының деректемелері жолданған. Осылайша, заңсыз ойын бизнесі көпшілікке қолжетімді мессенджер арқылы жүргізіліп, қаржы операциялары банк жүйесі арқылы жүзеге асырылған.

Тергеу барысында тағы бір маңызды жайт белгілі болды. Заңсыз ойын бизнесінен түскен ақшаны қабылдау және ойыншылардың ұтыстарын төлеу үшін 14 дроппердің атына тіркелген банк шоттары пайдаланылған. Дропперлер – өздерінің банк карталарын немесе шоттарын үшінші тұлғалардың қаржылық операцияларына пайдалануға беретін адамдар. Мұндай тәсіл ақша қозғалысының нақты ұйымдастырушыларын жасыруға және қаражаттың қайдан келгенін анықтауды қиындатуға мүмкіндік береді. Дропперлік схемалар заңсыз ойын бизнесінде және интернет-алаяқтық пен қылмыстық кірістерді алмастыру процестерінде де жиі кездесіп жатады.

Аталған істегі 3,1 млрд теңге – онлайн-казинолар арқылы айналымға түскен қаражаттың жалпы көлемі. Бұл соманы ұйымдастырушылардың таза пайдасымен шатастыруға болмайды. Дегенмен мұндай ауқымды ақша айналымы заңсыз ойын бизнесінің қаншалықты табысты көлеңкелі нарыққа айналуы мүмкін екенін көрсетеді. Агенттік мәліметінше, ұйымдастырушылар қылмыстық жолмен алынған кіріске 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған. Олардың қатарында BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza және SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ 2 жер учаскесі бар. Сот үкімімен 2 азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық кіріске сатып алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Алайда Қаржылық мониторинг агенттігі сот үкімі әзірге заңды күшіне енбегенін хабарлаған еді.

Бүгінде онлайн-казинолардың кең таралуы салдарынан әлем елдері құмар ойындар нарығын қайта сараптап, бақылауға мәжбүр. Мәселен, Ұлыбританияда онлайн-құмар ойындар лицензиялау жүйесі арқылы реттеледі. Операторлар ойыншылардың жасын тексеруге, ақшаны жылыстатуға қарсы талаптарды орындауға және ойынға шамадан тыс әуестенудің белгілерін бақылауға міндетті. Ал Сингапурда қашықтан ұйымдастырылатын құмар ойындарға қатаң шектеулер қойылған. Елде рұқсатсыз жұмыс істейтін платформалардың қызметіне тосқауыл қою, төлем операцияларын шектеу және заңсыз жарнаманың таралуын болдырмау шаралары қолданылады. Бұл тәжірибелер онлайн-құмар ойындармен күресте тек ұйымдастырушыларды жазалау жеткіліксіз екенін, қаржы ағындарын, цифрлық платформаларды және жарнама арналарын қатар бақылау қажеттігін көрсетеді. Қазақстанда да заңсыз онлайн-казино ұйымдастыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Алайда цифрлық ортадағы мұндай қызметтің ерекшелігі – оның сырткөзге бірден байқала бермеуінде. Кейбір платформалар әлеуметтік желідегі ойын-сауық жобасы немесе қарапайым интернет ойыны ретінде ұсынылуы мүмкін. Ал мессенджерлер арқылы жүргізілетін жабық жарнама заңсыз қызметті анықтауды одан әрі қиындатады. Оның үстіне азаматтардың жылдам әрі оңай ақша табуға деген қызығушылығы мұндай платформалардың аудиториясын кеңейтуге ықпал етері анық.

Мәселенің әлеуметтік салдары да назардан тыс қалмауы тиіс. Құмар ойындарға тәуелділік адамның қаржылық жағдайына, отбасылық қатынастарына және психологиялық саулығына кері әсер етуі мүмкін. Онлайн формат бұл тәуекелді күшейтеді. Өйткені ойыншы тәуліктің кез келген уақытында қаражат аударып, ұтылған ақшасын қайтару мақсатында қайта-қайта бәс тіге алады. Әсіресе қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың тез табыс табуға деген үміті оларды мұндай тәуекелге осал етеді. Шымкентте анықталған қылмыстық схема заңсыз ойын бизнесінің тек құмар ойын ұйымдастырумен шектелмейтінін аңғартады. Оның айналасында банк шоттарын пайдаланатын делдалдар, қаржы операциялары және қылмыстық кірісті мүлікке айналдыру тетіктері қалыптасуы мүмкін. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін заңсыз платформаларды анықтаумен қатар, күмәнді ақша аударымдарын бақылау, дропперлік схемалардың таралуын тежеу және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды.

Сәруар Бақберген

Шымкент қаласы

Сайт Әкімшілігі