Саясат

Оңтүстік Корея президенті Тоқаевқа алғыс білдірді

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстанда телефон алаяқтығымен айналысқан кореялық қылмыстық топ мүшелерін ұстауға және оларды елге қайтаруға көмектескені үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

Фото: russian.korea.net

 Бұл туралы ол 11 тамызда X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Ли Чжэ Мённың айтуынша, қылмыстық топ мүшелері бұған дейін Камбоджа мен Вьетнамда әрекет етіп, кейін Қазақстанға келген. Олар Оңтүстік Корея азаматтарына қарсы телефон алаяқтығымен айналысқан.

Қазақстанда қолға түскен күдіктілер ұсталғаннан кейін екі апта ішінде Оңтүстік Кореяға жеткізіліп, қазір полиция тергеуінен өтіп жатыр.

Оңтүстік Корея президенті күдіктілерді ұстау мен елге қайтару жұмыстарының жедел жүргізілуіне Қазақстан тарапының көмегі ықпал еткенін атап өтті.

«Оларды ұстаудан бастап елге қайтаруға дейінгі жұмыстың жедел жүзеге асуына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында қол жеткізілді. Президент Тоқаевқа және тиісті органдарға шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді Ли Чжэ Мён.

Ол сондай-ақ келесі айда өтетін «Корея – Орталық Азия» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, алғысын жеке жеткізуге үміттенетінін мәлімдеді.

Ли Чжэ Мён Оңтүстік Корея азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстарға қатаң шара қолданылатынын да айтты.

«Қай жерде жасырынса да, оларды соңына дейін іздеп тауып, міндетті түрде заң алдында жауапқа тартамыз», – деді Оңтүстік Корея президенті.

Сайт Әкімшілігі