Қоғам

Оқушылардың жаппай улануы: Алматыдағы физика-математика мектебінің асханасынан қауіпті бактериялар табылды

Алматыдағы физика-математика мектебінде оқушылардың улануына байланысты жүргізілген тексеруден тағамдар мен асхана ыдыстарынан ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар анықталған.

Фото: ашық дереккөз

Сонымен қатар асхана қызметкерлерінің төртеуінен алтын түсті стафилококк анықталған.

Бұған дейін мектеп оқушылары ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен еді. Кейін олардың жағдайы жақсарып, барлығы үйлеріне шығарылды.

Тексеру барысында мектеп асханасында санитариялық талаптардың бұзылғаны белгілі болды. Зертханалық сынамалардан тағамдар мен ыдыстардың бактериялық ластануы анықталған. Ал стафилококк табылған төрт қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілді.

Ауырған оқушылардың басым бөлігі тауық етінен дайындалған рулет пен бешбармақ жегеннен кейін сырқаттанғанын айтқан.

Оқиғадан кейін асхана 60 күнге жабылды. Қайта тексеруден өткен соң оның жұмысы қалпына келтірілді.

Сайт Әкімшілігі