Аймақ

Оралда қалалық қоқыс полигонындағы өртке байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді

Орал қаласында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонындағы өртке байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Фото: скриншот

28 шілде күні таңертең қаланы қою әрі өткір иісті түтін басып, кейбір жолдарда көру қашықтығы айтарлықтай нашарлаған. Бұл туралы «Мой Город» басылымы хабарлады.

Қоқыс полигоны 27 шілде күні сағат 14:30 шамасында өртенген. Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, өрттің кең таралуына аптап ыстық пен қатты жел себеп болған.

Полигонның жалпы аумағы 35 гектарды құрайды. Оның 13 гектарын өрт шарпыған. Қазір 3 гектардағы өрт толық сөндірілсе, шамамен 10 гектар аумақта ашық жалын болмаса да, қоқыс әлі бықсып жатыр. Өртті сөндіруге коммуналдық қызметтер мен өңірдегі құрылыс компанияларының 40–50 техникасы жұмылдырылған.

Төтенше жағдай режимі өрт толық оқшауланғанға дейін күшінде болады. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл режим арнайы техниканы жанармаймен, ал өртті сөндіруге тартылған қызметкерлерді тамақпен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қалалық қоқыс полигоны 1975 жылдан бері жұмыс істеп келеді және жергілікті биліктің бағалауынша, оның пайдалану мерзімі толық аяқталған. Полигон ішінде жиналған жерасты газы қайта-қайта өрт шығуына себеп болуы мүмкін. Қазір бықсып жатқан аумақтар топырақпен көміліп жатыр.

Полигонды рекультивациялау жобасы 2024 жылы дайындалғанымен, оны қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген. Сонымен қатар қала әкімдігі қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіру бойынша Оңтүстік Корея, Қытай және Италия инвесторларының ұсыныстарын қарастырып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: өрт БҚО