Қоғам

Оралда полиция майоры қарамағындағы қызметкерін пышақтады деген күдікке ілінді

Оралда полиция қызметкерінің пышақ жарақатын алуына байланысты тергеу жүріп жатыр.

Фото: ашық дереккөз

Жергілікті БАҚ қаладағы полиция бөлімдерінің бірінде басшылық қызмет атқарған майор ұсталғанын хабарлады. Ол қарамағындағы жедел уәкілге пышақ жарақатын салды деген күдікке ілінген.

"Уральская неделя" басылымының мәліметінше, ұсталған адам полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Алайда оқиғаның мән-жайы әзірге толық анықталған жоқ. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 8 қарашада денесіне пышақ кіріп жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілген. Оның өзі жарақатты абайсызда алғанын айтқан.

Соған қарамастан, полиция оқиғаның барлық нұсқасын тексеріп жатыр. Соның ішінде жарақат салуға бұрынғы полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам да қарастырылуда.

Тергеудің объективті өтуі үшін іске полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшесінің қызметкерлері тартылған. Сонымен қатар қызметтік тексеру жүргізілген.

Umarovnews басылымының мәліметінше, Орал қаласындағы Абай полиция бөлімі бастығының орынбасары Дамир Ислямғалиев қарамағындағы қызметкерімен бірге ішімдік ішіп отырған кезде оны пышақтады деген күдікке ілінген. Полиция департаменті мұндай жанжал туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Ведомство екі адамның да бұған дейін ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылғанын растады. Алайда олардың аты-жөні мен оқиғаның нақты қалай болғаны әзірге жарияланған жоқ.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің процессуалдық мәртебесі туралы қосымша ақпарат берілмеген.

Сайт Әкімшілігі