Қоғам

Оралда педагогтерге санаттық тестілеуден өтуге жәрдемдесемін деген әйелдің ісі сотқа жетті

Батыс Қазақстан облысында білім беру саласындағы мәселелерді шешіп беремін деп тұрғындардың ақшасын иемденген 35 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.

Фото: ЖИ

Тергеу дерегінше, күдікті тоғыз адамды алдап, олардың қаражатын алған.

Оқиға қыркүйек айында Орал қаласының тұрғыны полицияға арызданғаннан кейін анықталған. Әйел оның ақылы бөлімде оқитын ұлын грантқа ауыстырып беруге уәде етіп, 50 мың теңгесін алған. Кейін тексеру барысында күдіктінің осыған ұқсас әрекеттерді бірнеше рет жасағаны белгілі болды.

Ол тұрғындарға педагогтердің санаттық тестілеуінен қажетті балл жинауға көмектесетінін айтып, бір адамнан 60 мың, екіншісінен 120 мың теңге алған. Сондай-ақ бірнеше азаматқа магистратураға түсуге және жоғары оқу орнының дипломын алуға жәрдемдесемін деп уәде берген. Күдікті қызметі үшін алдын ала 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша алып отырған. Алайда айтқан міндеттемелерін орындамаған.

Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оған қатысты тоғыз эпизод бойынша тергеу жүргізді. Қазір қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.

 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: орал