Оралдағы «Зенит» кеме жасау зауыты 18,5 млрд теңгеге сатылмақ
Мемлекет «Оралдағы «Зенит» зауыты» АҚ акцияларының 100 пайызын саудаға шығарды.
Кәсіпорынды сату туралы хабарландыру Sauda.kz порталында жарияланған. Нысанның бастапқы бағасы – 18,49 млрд теңге. Электронды конкурс 2026 жылғы 24 қыркүйекке белгіленген.
Активтің сатушысы әрі баланс ұстаушысы – «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы. Саудаға кәсіпорынның барлық пакеті – 2 193 186 жай акция шығарылған.
Аукционға қатысу үшін әлеуетті сатып алушылар 2,77 млрд теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі керек. Өтінім қабылдау 24 қыркүйек күні сағат 14:25-те аяқталып, сауда 14:30-да басталады. Конкурс ережесі нысанды жалғыз қатысушыға сатуға да мүмкіндік береді.
Зауыттың қаржылық жағдайы
Компанияның 2025 жылғы қаржылық есебіне сәйкес, кәсіпорынның өнім сатудан түскен кірісі бір жылда 8,4 млрд теңгеден 9,96 млрд теңгеге дейін өскен.
Жалпы пайда 125,4 млн теңгеден 654,4 млн теңгеге дейін артқан. Алайда таза пайда 2024 жылғы 140,1 млн теңгеден 2025 жылы 81,7 млн теңгеге дейін төмендеген.
2025 жылдың соңында зауыттың сауда дебиторлық берешегі 2,07 млрд теңгеден асқан. Негізгі борышкерлер – мемлекеттік органдар. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің берешегі – 1,18 млрд теңге, ал ҰҚК Шекара қызметі департаментінің қарызы – 842,7 млн теңге.
«Зенит» Қорғаныс министрлігінен 1,18 млрд теңге өндіріп алу үшін сотқа да жүгінген.
Жекешелендіру және түрік инвесторлары
2024 жылы премьер-министр Олжас Бектенов «Зенит» зауытын бәсекелес ортаға берілетін ұйымдар тізіміне енгізу туралы үкімет қаулысына қол қойған.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейспеков мемлекет кәсіпорын акцияларының 85 пайызын сатып, кейін зауытты жаңғырту жоспарланғанын айтқан. Сондай-ақ түркиялық компанияның кәсіпорынды сатып алуға қызығушылық танытқаны хабарланған еді.
2023 жылы «Зенит» Түркия Ұлттық қорғаныс министрлігінің екі еншілес құрылымымен Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне арналған кемелер жасау жөнінде келісімге келген. Жауынгерлік кемелерді Қазақстан аумағында шығару жоспарланған.
«Зенит» немен айналысады?
Оралдағы «Зенит» зауыты 1941 жылы Ленинградтан эвакуацияланған «Двигатель» зауытының негізінде құрылған.
Қазір кәсіпорын Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне арналған жауынгерлік және шекаралық кемелер мен патрульдік катерлерді жобалап, шығарады. Сонымен бірге азаматтық нарық пен мұнай өндіруші компанияларға арналған өнімдер өндіреді.
Зауыттың жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы.