Қоғам

Оразалы Ержановқа рақымшылық жасала ма?

Қазақстанда сайлау процесіне кедергі келтірді деген айыппен сотталған Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержановқа амнистия жасалмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан парламенттегі брифинг барысында мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

Депутаттың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 150-бабы («Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау») қазіргі уақытта қаралып жатқан амнистия туралы заң жобасының аясында қарастырылмаған.

«Рақымшылық нақты бір адамға арналып қабылданбайды. Заң жобасына терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де құқық бұзушылықтар енгізілген жоқ. 150-бап конституциялық құқықтарға қарсы қылмыстар санатына жататындықтан, бұрынғы рақымшылықтар кезінде де бұл норма қолданылмаған», - деді Құспан.

3 маусым күні Мәжіліс Конституцияның қабылдануына орай жарияланатын рақымшылық туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, амнистия 15 мыңнан астам адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатса, шамамен 10 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

Сонымен қатар Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық аясында 1,4 миллион құқық бұзушылық бойынша шамамен 21,2 млрд теңге көлеміндегі айыппұлдарды кешіру жоспарланған.

Депутаттардың айтуынша, заң жобасы мен оған қатысты түзетулер 3 маусымда екінші оқылымда қаралып, түпкілікті қабылдануы мүмкін.

Сайт Әкімшілігі