Orda.kz директоры Гүлнар Бәжкеновадан 88 миллион теңгеден астам шығын өндіруді сұрады
Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотында Orda.kz интернет-басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бәжкеноваға қатысты іс қаралуын жалғасты.
Сот отырысында редакцияның бұрынғы бес қызметкері жауап берді. Бұл туралы Власть жазды.
Олардың айғақтары редакция жұмысының ұйымдастырылуына, материалдарды әзірлеу тәртібіне және жалақы төлеу мәселесіне қатысты болды. Куәгерлердің басым бөлігі Бәжкенова басшылық еткен кезеңде еңбек шарты ресми рәсімделмегенін, ал жалақыны бухгалтериядан қолма-қол алып отырғандарын айтты.
Сотта жәбірленуші ретінде танылған «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің директоры Мақсат Ғаниев Бәжкеновадан 88 млн 144 мың 127 теңге көлеміндегі мүліктік шығынды өндіріп беруді сұрап, азаматтық талап қойды.
Бұған дейінгі сот отырысында Ғаниев компанияның 70 пайыз үлесін 2025 жылдың желтоқсанында алғаннан кейін ғана қаржылық құжаттарға қол жеткізгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, сол кезде кәсіпкер Ислам Абдығапаровтың жеке кәсіпкерлігіне 84 миллион теңгеден астам қаражат аударылғанын анықтаған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Ғаниев бұл аударымдарға келісім бермегенін айтты.
Сондай-ақ ол компания қаражаты есебінен Гүлнар Бәжкенованың ұлының оқуына 4 миллион теңгеден астам ақша төленгенін және бұл шешім де өзімен келісілмегенін мәлімдеді.
Іс бойынша прокурор қосымша куә ретінде журналист Сандуғаш Дүйсенованы сотқа шақыруды сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды.
Гүлнар Бәжкеноваға заңсыз кәсіпкерлік (214-бап), көрінеу жалған ақпарат тарату (274-бап) және аса ірі мөлшерде бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету (189-бап) бойынша айып тағылған.
Полицияның мәліметінше, қылмыстық істер азаматтардың арыздары негізінде қозғалған. Іс бойынша 11 адам жәбірленуші ретінде танылған. Олардың қатарында «OrdaMedia.kz» директоры Мақсат Ғаниев, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдері және басқа да тұлғалар бар.
Гүлнар Бәжкенова 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бері үйқамақта отыр.