Қоғам

Ормуз бұғазында мұнай тасымалдайтын екі танкер шабуылға ұшырады

Ормуз бұғазында Сауд Арабиясы мен Оңтүстік Корея компанияларына тиесілі екі ірі мұнай танкеріне шабуыл жасалды.

Фото: Getty images

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, оқиға туралы теңіздегі қауіп-қатерлерді бағалайтын Marisks (Maritime Risk Services) компаниясы мәлімдеген. Сауд Арабиясының Bahri компаниясына тиесілі Sidr танкеріне Оманның Хасаб қаласынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 17 теңіз милі жерде снаряд тиген. Ал Sinokor Group компаниясының Senegal Prosperity танкеріне Оман жағалауынан шығысқа қарай жүзіп бара жатқан кезде үш снаряд түскен.

Marisks мәліметінше, екі кеме де Парсы шығанағынан шығып бара жатқан. Сонымен қатар танкерлер өздерінің орналасқан жерін көрсететін AIS транспондерлерін өшірген.

Шабуыл салдарынан кемелердің жағдайы мен экипаж мүшелері туралы қосымша мәлімет әзірге айтылған жоқ.

Сайт Әкімшілігі