Ормуз маңында АҚШ армиясының Apache тікұшағы апатқа ұшырады
Иран мен Израиль арасындағы өзара соққылардан бір күн өткен соң, Ормуз бұғазы маңында АҚШ армиясының Apache шабуылдаушы тікұшағы құлады.
Құны ондаған миллион доллар тұратын әскери техниканың Иран тарапынан атып түсірілгені немесе техникалық ақауға байланысты апатқа ұшырағаны әзірге белгісіз.
Бұл туралы оқиғадан хабардар екі дереккөзге сілтеме жасаған The New York Times хабарлады.
Басылым мәліметінше, дүйсенбі күні болған апаттан кейін тікұшақ экипажының екі мүшесі аман қалып, құтқарылған.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, Apache тікұшағының нақты қандай себеппен құлағаны әзірге анықталмаған. Қазір оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Апат өңірдегі әскери шиеленіс күшейіп, кейін салыстырмалы түрде бәсеңдеген кезеңде болды. Жексенбі және дүйсенбі күндері Израиль мен Иран өзара әскери соққылармен алмасқан еді.
АҚШ президенті Трамп сейсенбі күні журналистерге экипаж мүшелерінің жағдайы жақсы екенін айтты. Алайда оқиғаның басқа егжей-тегжейін жарияламады және жақын арада ресми есеп ұсынылатынын мәлімдеді.
Әзірге АҚШ Орталық қолбасшылығы мен Мемлекеттік департамент бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Ормуздағы блокада
Иран жариялаған блокадаға жауап ретінде АҚШ 13 сәуірде өз блокадасын енгізіп, сауда кемелерінің Иран порттарына кіруіне және одан шығуына тыйым салған болатын. Содан бері АҚШ әскери-теңіз күштері 134 кемені кері қайтарған.
Қазіргі таңда АҚШ әскері Ормуз бұғазында Apache тікұшақтарын, MQ-9 Reaper қаруланған дрондарын және F/A-18 пен F-35 жойғыш ұшақтарын пайдаланып келеді. Бұл күштер Иранға қарсы жүргізіліп жатқан әскери операциялардың бір бөлігі саналады.
Басылымның мәліметінше, соғыс басталған 28 ақпаннан бері Иран АҚШ-тың шамамен 30 MQ-9 Reaper дронын атып түсірген. Сондай-ақ бірнеше америкалық жойғыш ұшақ атып түсірілген.
Егер ақпарат расталса, бұл қақтығыс басталғалы бері жоғалған алғашқы Apache тікұшағы болуы мүмкін.
Apache қаншалықты қымбат?
Hellfire зымырандарымен қаруланған AH-64 Apache әлемдегі ең қуатты шабуылдаушы тікұшақтардың бірі саналады.
Әртүрлі бағалаулар бойынша, AH-64E Guardian үлгісіндегі ең жаңа Apache тікұшағының құны шамамен 35–50 миллион долларды құрайды. Ал экспорттық келісімшарттарда оның бағасы 100 миллион доллардан да жоғары болуы мүмкін.
Apache тікұшақтары Ормуз бұғазында стратегиялық су жолын күзету, шағын қайықтардың шабуылдарының алдын алу және дрондарды жою мақсатында патрульдік қызмет атқарады.
Сонымен қатар АҚШ Орталық қолбасшылығы келіссөздер жүріп жатқан кезеңде тікұшақтарды Иран аумағына, оның ішінде Парсы шығанағындағы және бұғаздағы Иран бақылауындағы аралдарға барынша жақын ұшыра бастады.
Өткен айда АҚШ Орталық қолбасшылығы әлеуметтік желілерде қолбасшылық басшысы, адмирал Брэд Копердің Ормуз бұғазы үстінде немесе оның маңында ұшып бара жатқан сәтінен кадрлар жариялаған болатын.