Сараптама

Өрт сөндіру: қатер мен сынның арасы

Кейінгі кезде ел аумағында табиғи және техногендік сипаттағы өрттер белең алып барады.

Jasalash.kz

Себепсіз салдар жоқ. Мамандардың келтірген дәлелдеріне сүйенсек, табиғи және тұрғын үйлердегі тілсіз жаудың 80 пайызы адам фактілерінен туындайды. Қашанда, қандай жағдай болмасын,  халықтың басты талабы төтенше жағдай кезінде кісі шығынына жол бермеу. Осы межеден шығуы тиіс Төтенше жағдайлар қызметінің сапасы қандай, өрт сөндірушілер қандай кедергілерге килігіп отыр? Елдімекендерде өрт сөндіру бөлімшелері қашан салынады?

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпановпен сұхбат осы төңіректе өрбиді.

– Қарапайым халыққа өрттің сипаты жоқ секілді. Кәсіби мамандар тілсіз жаудың сипатынан-ақ оның қаншалықты қауіпті екенін тап басып айта алады.  Жалып, өртке қарсы әрекет етудің алгоритмі қандай?

— Алдымен диспечерлер хабарламаны қабылдайды. Өрт қайдан шықты, көпқабатты үй болса, нешінші қабат жанып жатыр,  өндірістен ұшқын шықса, өнеркәсіптің қауіптілігі қандай? Егер дала өртенсе, ол қанша шақырымды құрайды, өрт бөлімшесінен неше шақырым жерде орналасқан?  Осы тұрғыда толық ақпаратты анықтаған соң, қажетті құрал-жабдықтары сайланған мамандар  жеделдетіп, жалын ошағына аттанады. Ол жерге жеткеннен кейін  өрттің көлемі өсуі мүмкін бе, маңындағы нысандарға қауіп туындауы ықтимал ма және тілсіз жау арасында қалғандардың саны қанша деген секілді дерек айқындалады. Біздің басты мақсатымыз –азаматтардың өмірін сақтап қалу. Одан кейін өртті сөндіру міндетіне кірісеміз. Кәсіби жарғыда осы қағида анық жазылған. Өрт сөндірушілер осы талапты қатаң сақтайды.  

 Әдетте, халық  өрт сөндірушілер қауіп ошағына үнемі кешеуілдетіп келеді, өрт сөндіру барысында су жетпей қалады деп шағым білдіріп  жатады. Сылбырлықтың мәнісі неде екенін түсіндіре аласыз ба?

М. Қатпанов: Әлбетте, мәселенің байыбына бармай жатып байбалам салатындар көп.  Көпшілік өрт сөндірудің қағидасынан хабарсыз. Біз кәсіби  қағидағымызға сай әрекет етеміз.  Ең әуелі өрт арасында қалған адамдарды сыртқа шығарамыз. Одан кейін ғана өртті сөндіру басталады. Екіншіден,  арнайы құрама өрт ошағына ешқашан сусыз келмейді. Өйткені көлік цистерналарында су үнемі толы болады. Бір цистернадағы су 5 әрі кетсе 7 минуттың ішінде таусылады. Сондықтан жақын маңдағы гидранттардан су алуға мәжбүр. Көбіне осыны көрген көпшілік өрт сөндірушілер сусыз келді деген пікірде қалады.

Өрттің өршуіне және оның адам өліміне әкелуіне көбіне тұрғындар кінәлі дедіңіз. Демек, төтенше жағдайдың орын алуына елдің өзі жол ашып береді демексіз бе?   

Бұған нақты мысалармен дәйек айта аламын. Айталық, осыдан екі ай бұрын Сұрыптау стансасындағы 5 қабатты үйге өрт сөндіру машинасын кіргізу қиямет қайымға айналды. Тұрғындар әлгі үйдің айналасын ауқымды әрі зілдей ауыр бетон блоктармен қоршап тастаған. Кейбір тұрғын үйлердің кіреберісіне шлагбаум орнатып қояды. Бәлкім, балаларды қорғаудың амалы болар. Бірақ мұнымен халық төтенше жағдайдан сақтануды мүлдем естен шығарғандай. Кейбіреулер үшін қалыпты жағдай болғанмен, қолмен жасалған кедергінің кесірінен өрт дес бермей кетеді. Тағы бір мысал, таяуда  Ә. Бөкейхан ауданындағы 4 подъезді көпқабатты үйдегі өртті сөндіру тым қиынға соқты. Бұл баспанаға кезінде су құбыры келетін люк орнатылмаған. Мұндай арнайы құрылғы болғанда, өртке оранған подъездің төбесіне бірден су себуге болар еді. Ондай мүмкіндік болмаған соң, барлық құралдарды қайтадан төменге түсіріп, өрт ошағына 2 және 3 подъезден кіруге тура келді.  Бұқар жырау ауданындағы 5 қабатты үйдің іргесін жайылып кеткен ағаштың бұтақтары мен қалың өскен шөп біздің қызметкерлерге автосатымен жұмыс істеуге орасан зор бөгет туғызды. Келесі айтар мінім – жүргізушілерге қатысты болмақ. Көптеген автокөлік иелері  ауладағы люктің үстіне көліктерін қойып кетеді. Бірде люкті жауып қалған көлік жүргізушісін таппай дал болып, машинаны қолмен жылжытуға тура келді. Сондай-ақ өрт сөндірушілерге тұрғын үйлердің жертөлесіне кіру кезінде көп бөгеледі.  Жертөленің  кілті көбіне бір тұрғынның қолында болады. Апат кезінде ол адамды таппай сандалатын кезіміз аз емес. Талап бойынша, әр подъездегі жертөленің  кілті ПИК-тің ғимартында тұруы тиіс. Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігінің құралдары туралы айту мұң. Жанға бататын жәйт, көпқабатты баспаналарда өрт автоматикасының жүйелері мен түтін шығаратын желдеткіштердің қауіпсіздігін ПИК немесе ММИБ тексермейді. Мәселен, 25 пәтерлі биік үйлерде мұндай қондырғылар істен шықса немесе орнатылмаса, адамдардың өміріне өте қауіпті екенін ескеру қажет. Өкінішке қарай, қалалық жердегі көп қабатты үйлерде осындай құрылғылар вандализмнің құрбанына айналған.  Дейтұрғанмен соңғы үлгімен салынған кейбір үйлерде заманауи   қондырғылар орнатылған. Олар бірден дабыл белгісін береді. Шілде айында Қарағандыдағы 12 қабатты үйдің 2 қабатында орын алған тілсіз жау осындай өрт сөндіру құрылғысының арқасында жылдам өшірілді. Барлық өрт сөндіру құрамаларында 30-40 қабатты үйдегі өртті сөндіруге арналған көлік техникалары болмайды. 2021 жылы алынған заманауи көліктердің өзі 50 метрге дейін жететін өртті ауыздықтауға ғана жетеді. Сондықтан үйлер мен ғимараттарда өрт автоматикасы жүйелері ауадай қажет.

 Жоғарыдағы кемшіліктерден аңғарғанымыздай, сіздер де тексерісті қадағалайтын органдардың бірісіздер. Сөйте тұра, қатаң талап қоюға неге дәрменсіздер?

— Өрт сөндірушілердің қатаң талап қойып, айыппұл салуға хақы да, құқы да жоқ. Ондай үстемдік жүргізу біздің құзырымызға кірмейді. Мұндай әрекетке жоғары инстанциядағы заң орындары бара алады. Тиісті объектілерді бақылауға шыққанда кеңес берумен шектелеміз. Халыққа БАҚ, әлеуметтік желілер мен Ютуб каналы және инстаграмм парақшасы арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Меніңше, қоғамды төтенше жағдайлардан қорғандыру үшін әуелі халықтың психологиясын өзгерту керек. Егер әр адам айналасына жауапкершікпен қараса, апатпен күрес деген сол.

Біздің халық апат туындаған сәтте бірден тікұшақты неге жұмылдырылмайды деп реніш білдіреді. Осының жөні қандай?

– Облыс әкімдігі мен «Қазәуеқұтқару» АҚ-мен келісімшарт арқылы алынған екі тікұшақ әзірлік сабында тұр. Кей жағдайда оның орнын   МИ-8 тікұшағы басады. Бұл әуе көліктерінің әрқайсының бағасы 9-10 млрд теңге тұрады. Соған орай, жалдау бағасы да қымбат. Ұшып келудің сағаты 1 млн 200-800 мың теңгеге бағаланған. Мәселе онда емес. Жедел көліктер алапат өрт қаулаған шақта және тасқын су алған кезде жұмылдырылады. Кейбір жағдайы жеткен жұрт қаржысын төлеп қолданады. Жақында Нұра ауданында жоғалған адамның туыстары полицияға шығып, бізден тікұшақ сұрады. Әуе көлігін сол аймаққа жібердік. Өкінішке қарай, адасқан адам табылмады. Себебі қиын жағдайда қалған кісінің жақындарының қолында жоқшы қайда бағыт алды, қайда баруы мүмкін деген нақты мәлімет болмады. 

Өңірдегі өрт сөндіру бөлімшелерінің әлеуетіне тоқталсаңыз. Алыс ауылдарды айтпағанда, арнайы бөлімшелері жоқ облысқа қанаттас жатқан Ақтас, Ақтау, Жаңа Долинка елдімекендеріне кәсіби қызмет көрсету мекемесі қашан құрылады?

  Осы күні аймақтың 10 елдімекеніне өрт сөндіру бөлімшесі қажет.  Ол жұмыстар қолға алына бастады. Бұдан екі-үш жыл бұрынғы кешенді жоспарымызға сәйкес, Жезқазған мен Сәтбаевта осындай бөлімшелер  тұрғызуды межелеген едік. Бүгінде екі шаhарда соңғы үлгідегі үлкен өрт сөндіру бөлімшелері салынып жатыр. Оның жобалық-сметалық құжаты 2021-жылы Қарағанды облысының құрамында болғанда бекітілді. Қаржылық шығыны 1 млрд теңгеден асады. Енді Балқашта осындай жаңа мекеме салынғалы жатыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үстінде. Ғимарат республикалық және жергілікті әкімдіктің қаржы есебінен тұрғызылады. Ал құрылыс жұмысы келесі жылы басталады. Жаңа кешенді 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Теміртаудағы шұлық-ұйық зауытының жанындағы бұрынғы өрт сөндіру бөлімшесі күрделі жөндеуден өткізілмек. Осыған орай, төтенше жағдай министрлігінен қосымша штат беруге мұрсат сұрамақпыз. Егер ведомство ұсынысымызды мақұлдаса, болашақта Балқашта – 90, Теміртауда 50 адам жұмыс істейді. Ақтауда да, шағын өрт сөндіру бөлімшесі тұрғызылмақ. Қажетті құжаттарды әзірлеуге дайындық басталды. Айта кеткен жөн болар, жаңа өрт сөндіру бөлімшелері салынатын Ақтау, Ақтас, Жаңа Долинка,  Қарағайлы, Топар елдімекенінде алты мыңға жуық халық тұрады. Әр ғимаратты тұрғызуға 200-250 мың теңге қаражатты қажет етеді.

Өрт сөндірушілердің жалақысы қанша? Еңбекақылары отбасы қажеттіліктерін өтеуге лайық па?

Біздегі жұмыскерлердің қолға алатын орташа жалақы көлемі  – 240 мың теңге. Әріптестерім бір тәулік істеп, үш күн демалады. Еңбек өтілін енді бастаған жауынгер 170 мың теңге алады.  Өрт сөндірушілер әскерилер секілді тұрғын үй төлемақысынан босатылған.

— Сұхбатыңызға рақмет, халықты қауіптен құтқаратын қызметкерлеріңіздің қатары көбейе берсін!

Айтбала Сүлейменқызы
Тегтер: Без Тега