Сараптама

Орталық Азия басшылары одақ құра ала ма?

Кейінгі кезде әлемдік геосаясатта Орталық Азияның маңызы артып келе жатқаны жайлы жиі айтылып жүр.

Фото: ашық дереккөз

 Сарапшылардың пікірінше, өңірдің транзиттік әлеуеті мен мол қазба байлығы алпауыттардың «көз құртына» айналған. Ірі мемлекеттер Орталық Азияның 5 елін ортаға алып, C5+1 форматында саммит өткізуге әуес болып алды. Мысалы, «Орталық Азия + Ресей», «Орталық Азия + Қытай», «Орталық Азия + Еуроодақ», «Орталық Азия + АҚШ» саммиттері өткенін білеміз. Мұндай форматқа Оңтүстік Корея, Жапония сияқты Азия елдері де ынта таныта бастады.

Мұның бәрі біздің аймаққа қызығатындар көп екенін аңғартады. Демек, Орталық Азия елдері мүмкіндікті мүлт жібермей, әлемдік бәсекеден өзіне тән бәсіресін алып қалуы қажет. Бірақ ол үшін алдымен аймақтағы елдер өзара қарым-қатынасты күшейтіп, жұдырық болып жұмылғаны жөн. Сарапшылар өңірдегі 5 мемлекет жеке өз алдына әлемдік аренадан ойып тұрып орын ала алмайды, сол үшін бірыңғай аймақ ретінде әрекет еткені жөн деп санайды.

Мұны Орталық Азия елдерінің басшылары жақсы түсінеді. Кейінгі жылдары аймақтағы бес елдің жетекшілері жиі жолығатын болған. БҰҰ, ТМҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ сияқты әлемдік және өңірлік құрылымдар құрамында ғана емес, аймақ елдері арасындағы өзара кездесулер де көбейіп келеді. Мысалы, 2018 жылдан бері Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі жыл сайын тұрақты түрде өтіп жүр. 2025 жылы бұл қатарға Әзербайжан қосылып, Консультативтік кеңеске толық құқылы мүше болып қабылданған. Сөйтіп, бұл форматтың атауы «Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуі» болып өзгерді.

Фото: ашық дереккөз

Биыл 31 шілде – 1 тамыз күндері Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың шақыруымен Шолпан-Атада Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Қырғыз жұрты «бауырлас» елдердің басшыларын барынша сән-салтанатпен күтіп қалды. Бір емес, бес мемлекеттің президенті келетіндіктен Қырғызстан билігі қауіпсіздік шарасын күшейтіп, кездесуді жоғары деңгейде өткізуге барынша дайындалғанын байқатты. Қырғыздар қонақ президенттерді «Манас» жырымен күтіп алып, бауырсақ ұсынып, қарсы алып жатты.

Айтпақшы, былтыр қарашада Бішкек қаласында өткен ҰҚШҰ саммитінде қырғыз басшысы Садыр Жапаров Қазақстан президентіне «Қасым аға» деп ізет көрсеткен еді. Ал биыл Қазақстан президенті Қ.Тоқаев қырғыз әріптесіне «Қалай, бәрі дұрыс па?» деп сұрап, үлкендігін көрсетті.

Фото: ашық дереккөз

«Орталық Азия аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр»

Сонымен Шолпан-Атадағы кездесуге Қырғызстан президенті С.Жапаров төрағалық етіп, Қазақстан президенті Қ.Тоқаев, Әзербайжан президенті И.Әлиев, Тәжікстан президенті Э.Рахмон, Түрікменстан президенті С.Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеев сөз сөйледі.

Қазақстан президенті өз сөзінде бейресми кездесуді өткізу туралы бастама көтеріп, ықыласпен қарсы алғаны үшін Жапаровқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан сауда-экономика, көлік-логистика, су-энергетика, мәдениет және білім беру бағыттарында өзара ынтымақтастықты нығайтып жатқанын айтты.

«Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық», – деді ол.

Тоқаев геосаясатта Орталық Азияның рөлі артып, әлемдік аренадағы аймақтың үні айқын әрі салмақтырақ шыға бастады деп санайды. «Бұған Қырғызстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы (2027-2028 жылдарға) жарқын мысал бола алады», – деді Қазақстан президенті.

Қазақстан басшысы мұндай кездесулер қазіргі өзекті мәселелерді талқылап, аймақ елдері арасындағы серіктестікті тереңдетуге жол ашатынын айтты. Сондай-ақ ол «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қосылғаны үшін Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.

Бұл шарт 2022 жылы қырғыз жерінде қабылданған. Бірақ құжатқа әу баста Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан ғана қол қойып, Тәжікстан мен Түрікменстан сәл іркіліп қалған. Биылғы кездесуде шартқа аймақтағы елдердің бәрі қосылып, құжат толық күшіне енді. Енді құжаттағы талаптардың қалай жүзеге асатынына назар аударамыз. Тоқаев өңірдегі қазіргі жағдайды: «Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр», – деп бағалады.

Шолпан-Атада не талқыланды?

Орталық Азия басшылары арасындағы Консультативтік кездесу 2018 жылы басталғанын айттық. Жиынның алғашқы отырысы Астанада өткен. Одан кейін президенттер Ташкентте, Ашхабатта, Шолпан-Атада, Душанбеде кездесті. Астана, Ташкент және Шолпан-Ата кездесуді екі реттен қабылдады.

Ыстықкөл жағасында бас қосқан президенттер Орталық Азияның транзиттік әлеуеті артып, әлемдік аренадағы рөлі жоғарылап келе жатқанын атап өтті. Олар әлем елдерінің аймаққа назар аударуы өңірдегі бес елдің өзара байланысының арқасы деп санайды. Мемлекет басшылары сауда, өнеркәсіп, логистика және өзге салаларда әріптестікті тереңдетуге уәделесті. Сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдай жылдам өзгеріп жатқан тұста аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейтуге келісті.

Консультативтік кездесудің қорытындысы бойынша президенттер бірнеше құжатқа қол қойды. Соның ішінде Шолпан-Ата декларациясы бар. Бұл құжат аймақтық әріптестікті тереңдету, саяси сенім деңгейін арттыру және көпжақты ықпалдастықты кеңейтуді қарастырады. Декларацияда өңірлік бірлікті нығайту, саяси диалогты дамыту, сауда және экономика, логистика, энергетика, су және экология, қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және туризм мәселелері сөз болған.

Жиналыста Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азияда ірі мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды. Бұған Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған Украина дрондарының шабуылы себеп болып отыр. Дрон шабуылынан кейін Ресейде жанармай дағдарысы басталып, бұл Орталық Азия елдеріне әсер еткен. Мәскеу бензин, дизель, авиакеросинді шетке шығаруға тыйым салғандықтан, Ресей жанармайына тәуелді Қырғызстан мен Тәжікстан басқа елдерден бензин іздей бастаған. Ресей отынына тәуелділіктен құтылу үшін Тәжікстан басшысы аймақта ірі мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынып отыр. Айтпақшы, Шолпан-Атадағы кездесуде Баку мен Бішкек келісімге келіп, Әзербайжан Қырғызстанға мұнай өнімдерін жеткізе бастайтыны белгілі болды.

Тағы бір маңызды ұсыныс ортақ виза жайлы болды. Кездесуде Қырғызстан Орталық Азия елдеріне саяхаттағысы келетін шетелдік азаматтар үшін бірыңғай туристік виза енгізуді ұсынды. Бұл ұсынысқа Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қолдау танытқаны белгілі болды. Енді мемлекеттердің Сыртқы істер министрліктері бұл бастаманы жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырып көрмек.

Бірақ кездесулерде айтылған бастамалардың бәрі жүзеге аса бермейді. Мысалы, былтыр Ташкентте өткен жиында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев кездесудің форматын «Орталық Азия қауымдастығы» стратегиялық платформасына өзгертуді ұсынды. Бұл ұсыныс қазіргі кеңесті одақ деңгейіне көтерудің алғышарты болуы мүмкін еді. Бірақ бұл бастама биылғы отырыста сөз болған жоқ. Соған қарағанда, Консультативтік кездесудің соңы қауымдастыққа, одан әрі одаққа ұласа қоймайтын сияқты. Сарапшылар «Орталық Азия одағы құрылып, аймақтағы елдер халықаралық қатынаста бірыңғай субъект ретінде әрекет етсе, тиімді болар еді» деп санайды.

Бірақ Орталық Азия елдерінің бірігіп, бір ниетке басы тоғыса қоюы екіталай. Президенттер салтанатты жиындарда «бауырлас халықпыз» деп бір-бірін арқадан қағып, «өзара ынтымақтастық нығайып келеді» дегенімен мұның көбі әдемі сөз ғана екенін көпшілік жақсы біледі. Мысалы, 2025 жылы Орталық Азия елдерінің өзара сауда көлемі 12,3 млрд доллар ғана болды, ал осы мезгілде Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сауда-саттығы 30,9 млрд долларға жеткен. Мұндайда Қазақстан үшін Орталық Азияны басты сауда серіктес деп қалай айтамыз?

Тағы бір маңызды мәселе, сөз жүзінде «бауырмыз», «доспыз» деп даурыққанмен, аймақ басшыларының ешбірі шынайы одақ құруға ұмтыла қоймайды. Керісінше, іштей бәсекелес болып, «өңір көшбасшысы» атануға ұмтылады. Президенттерден тартып, қарапайым халыққа дейін көрші елден көші озғанын мақтан тұтатыны жасырын емес. Билік басындағылар кез келген жұмысын «Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба» деп атауға әуес. Ал халық спортта, өнерде бір-бірінен озғанына мәз. Ал мұндайда шынайы одақ құрып, стратегиялық серіктес болу қиын. Мысалы, құрамында Түркия сияқты ірі ел бар Түркі мемлекеттер ұйымының өзі саяси салмағы бар институтқа айнала алмай отырғанда, Орталық Азия одағы құрылып, оның маңызды орталыққа айналарына сенім аз. Саясаттанушы Сайын БОРБАСОВ мұның бір себебі ретінде өңірдегі Орталық Азия елдеріндегі саяси жүйені атап отыр.

Фото: Жас Алаш

«Бауырлас елдердің одағын құру туралы идеяны қолдауға болады. Бұл –орынды идея. Кезінде Алаш арыстары да осы идеяны қолдаған. Бірақ оны жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Тіпті Назарбаев президент кезінде Өзбекстанмен, Түркіменстанмен қарым-қатынасты жақсартуға үлкен ниет болған жоқ, нақты қадамдар жасалмады. Өйткені бізде бір үлкен трагедия бар. Бұл мемлекеттердің көбінде авторитарлық режим салтанат құрып тұр. Ал авторитарлық билік осындай үлкен ынтымақтастық жағына келгенде ора-шолақ болады. Өйткені алдымен өзін, өзінің билігін ойлайды. Ұйым өз билігіме зиянын тигізе ме деп қорқады», – дейді сарапшы.

Айтпақшы, Орталық Азия және Әзербайжан басшыларының келесі Консультативтік кездесуі Түркіменстанның Аваза туристік аймағында өтеді. Аталған жиында өңірлік қауіпсіздік, дипломатиялық қарым-қатынас, сауда-логистика, Арал теңізін құтқару, Әму дариясы мен Сырдарияның суын тиімді пайдалану сияқты мәселелер талқыланады.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі