Оқиғалар

Орталық Азиядағы білім берудің шынайы көшбасшысы кім: рейтинг пе, әлде нақты көрсеткіштер ме?

Қазақстан білім саласына 6,7 трлн теңге бөлді, отандық 44 жоғары оқу орны QS Asia University Rankings рейтингіне енді, ал шетелдік студенттер саны 35 мыңнан асты.

Фото: из открытых источников

ЮНЕСКО деректері негізінде жасалған Visual Capitalist рейтингінің жариялануы Орталық Азия елдерінде қызу талқылауға себеп болды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, Қырғызстан білім беруге жұмсалатын мемлекеттік шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына енген. Бұл елде білім саласына ЖІӨ-нің шамамен 6,8%-ы бағытталады. Ал Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша шамамен екі есе аз – ЖІӨ-нің 4,9%-ын жұмсайды. Алайда бұл отандық білім беру жүйесі көрші елден әлсіз дегенді білдіре ме? BAQ.KZ тілшісі ресми деректерді зерделеп, білім беру саласының даму деңгейін тек бір ғана көрсеткішпен бағалау неге дұрыс емес екенін анықтады.

Рейтинг нені көрсетеді, ал нені назардан тыс қалдырады?

Visual Capitalist рейтингі бір ғана көрсеткішке – білім беруге жұмсалатын мемлекеттік шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесіне негізделген. 

Мұндай тәсіл білім беру саласының мемлекеттің бюджет саясатындағы орнын көрсетуге мүмкіндік береді. Алайда ол білім беру жүйесінің тиімділігін толық бағалай алмайды.

Зерттеуде мамандар даярлаудың сапасы, университеттердің бәсекеге қабілеттілігі, ғылыми зерттеулердің көлемі, шетелдік студенттер саны, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы және жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейде мойындалуы секілді маңызды көрсеткіштер ескерілмеген.

Сондықтан рейтингте Қырғызстанмен қатар Ботсвана, Алжир және бірқатар шағын арал мемлекеттері тұрса, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея мен Сингапур әлдеқайда төмен орналасқан. Бұл олардың білім беру жүйесі әлсіз дегенді білдірмейді. Мұнда тек мемлекеттік шығындардың құрылымы мен ұлттық экономикалардың көлеміндегі айырмашылық көрсетілген.

Абсолюттік шығындар мүлде басқа көріністі көрсетеді

Шығындарды салыстырғанда олардың ЖІӨ-дегі үлесін ғана емес, абсолюттік көлемін де ескеру маңызды. Қазақстан экономикасы Қырғызстан экономикасынан әлдеқайда ірі болғандықтан, шығындардың үлесі төмен болғанымен, мемлекет білім саласына әлдеқайда көп қаражат бөледі.

2025 жылы Қазақстанның білім саласына жұмсаған шығыны шамамен 6,7 трлн теңгені құрады. Көрсетілген білім беру қызметтерінің жалпы көлемі 6,99 трлн теңгеге жетті. Салыстыру үшін, Қырғызстан білім саласына 68,8 млрд сом бөлген. Қазіргі бағам бойынша бұл шамамен 470–500 млрд теңге, яғни Қазақстанның білім беру шығындарынан шамамен 14 есе аз.

Осылайша, ЖІӨ-дегі үлесі төмен болғанына қарамастан, абсолюттік көлемде Қазақстан білім беру жүйесіне әлдеқайда көп қаражат салады. Бұл қаржы жаңа оқу корпустары мен жатақханалар салуға, зертханаларды жаңғыртуға, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға және ауқымды білім беру жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан білім сапасына басымдық беріп отыр

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі ауқымды өзгерістерден өтті. Бұрын басты мақсат білімге қолжетімділікті кеңейту болса, бүгінде мемлекеттік саясат кадрлар даярлау сапасын арттыруға, университет ғылымын дамытуға және әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасуға бағытталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді Орталық Азияның академиялық әрі білім беру хабына айналдыру міндетін қойды. Осы мақсатқа жету үшін ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, жетекші шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейтіліп, заманауи зерттеу орталықтары құрылуда.

2025-2026 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында 678,1 мың студент білім алуда. Мемлекет 93 116 білім беру грантын бөлді. Оның ішінде 77 084-і бакалавриатқа, 13 229-ы магистратураға, 2 803-і докторантураға арналған. Сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарында әлемнің 100-ден астам елінен келген шамамен 31,5 мың шетелдік студент білім алуда.

Қазақстан Орталық Азияның білім беру хабына айналып келеді

Жоғары білімді интернационалдандыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Реформалардың ең маңызды нәтижелерінің бірі – жетекші шетелдік университеттерді тарту болды.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда МИФИ, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кардифф университеті, Де Монфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті, сондай-ақ Лу Бань шеберханаларын қоса алғанда, 33 шетелдік университеттің филиалы ашылған.

Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу қазақстандық студенттер үшін білім беру бағдарламаларының таңдауын кеңейтіп қана қоймай, жастардың шетелге кетуін азайтуға мүмкіндік береді.

Мысал ретінде Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Cardiff University мен Heriot-Watt University университеттерін келтірді. Оның айтуынша, бұл университеттердің негізгі кампустарындағы оқу ақысы Қазақстандағы филиалдарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Сонымен қатар Қазақстан шетелдік студенттер үшін де барған сайын тартымды елге айналып келеді. Бұған дейін жоғары оқу орындарында шамамен 31,5 мың шетелдік азамат білім алса, Ғылым және жоғары білім министрлігінің соңғы мәліметі бойынша олардың саны 35 мыңнан асты. 

Саясат Нұрбектің айтуынша, білім беру қызметтерінің экспорты отандық жоғары оқу орындарына 22 млрд теңге табыс әкелген. Болашақта министрлік шетелдік студенттер санын 100 мың адамға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы білім беру хабы ретіндегі позициясын нығайтуы тиіс.

Жоғары білімді дамыту педагог кадрларды даярлау жүйесін жаңғыртумен қатар жүруде. 2023 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Финляндияның жетекші университеттері мамандарының қатысуымен педагогикалық білім беру жүйесіне ауқымды реформа жүргізілді. Соның нәтижесінде білім беру бағдарламалары толық жаңартылып, жаңа оқу жоспарлары әзірленді. Олар кезең-кезеңімен қазақстандық жоғары оқу орындарына енгізілуде.

Реформалардың алғашқы нәтижелерінің бірі ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жасанды интеллект факультеті ашылды. Онда заманауи жасанды интеллект технологиялары мен олардың білім беру үдерісіндегі қолданылуы оқытылады. Алдағы уақытта педагогтерді даярлаудың жаңартылған моделі елдегі 40-тан астам университетке енгізіледі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің пікірінше, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және шетелдік студенттер санын арттыру Қазақстанда заманауи әрі бәсекеге қабілетті жоғары білім беру жүйесін қалыптастырудың және елдің Орталық Азиядағы жетекші білім беру орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтудың негізі болуы тиіс.

Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындарының халықаралық ынтымақтастығы да дамып келеді. Бүгінде қазақстандық университеттер әлемнің 400-ден астам жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан.

Бірлескен жобалар қос диплом бағдарламаларын, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын, ғылыми зерттеулерді және зерттеу зертханаларын құруды қамтиды. Соңғы жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігі АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және Еуропалық одақ елдерінің университеттерімен ондаған жаңа келісім жасасты.

Қазақстан әлемдік рейтингтердегі позициясын нығайтып келеді

Жоғары білім сапасының тағы бір объективті көрсеткіші – халықаралық рейтингтер.

QS Asia University Rankings 2026 қорытындысы бойынша рейтингке Қазақстанның 44 жоғары оқу орны енді. Әлемдік рейтингте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті секілді жетекші отандық жоғары оқу орындары ұсынылған.

Сонымен қатар Қазақстанның бес жоғары оқу орны беделді Times Higher Education әлемдік рейтингіне енді. Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы ең үздік нәтиже.

Мемлекет ғылымды қолдауды күшейтіп жатыр

Жоғары білімнің дамуы ғылымды мемлекеттік қолдаудың артуымен қатар жүруде. Қазақстан Үкіметінің мәліметінше, соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру алты есеге өсіп, 2025 жылы 252,5 млрд теңгеге жеткен.

2024-2029 жылдарға арналған ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, онжылдықтың соңына қарай ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығындарды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта мемлекет ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруды кеңейтіп, әзірлемелерді коммерцияландыруды қолдап, заманауи зертханалар мен инженерлік орталықтар құрып, салықтық жеңілдіктер арқылы бизнестің ғылымды қаржыландыруға қатысуын ынталандыруда.

Үкіметтің бағалауынша, мұндай тәсіл ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және әлемдік деңгейдегі мамандар даярлауға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Олимпиадалардағы үздіктер қатарында

Қазақстандық мектеп оқушылары да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 оқу жылында ұлттық құрама халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда 362 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 41 алтын, 127 күміс және 194 қола медаль бар. Сонымен қатар оқушылар 48 құрмет грамотасына ие болды. Халықаралық жарыстарға қатысқан әрбір екінші оқушы Қазақстанға жүлдемен оралған.

Жуырда ғана өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында әлемнің 85 елінен келген 381 үздік оқушы бақ сынады. Қазақстан құрамасының барлық бес мүшесі алтын медаль жеңіп алды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысқан 29 жыл ішіндегі және жалпы мектеп пәндері бойынша бұрын-соңды болмаған нәтиже.

Осылайша, білім беруге жұмсалатын шығындардың жоғары үлесі мемлекеттік саясаттағы басымдықтарды көрсетеді. Алайда бұл көрсеткіштің өзі ғана білім беру жүйесінің сапасын айқындай алмайды. Неғұрлым объективті көріністі қаржыландыру көлемі, ғылымның дамуы, университеттердің халықаралық рейтингтердегі орны, шетелдік студенттер саны, халықаралық ынтымақтастық және мектеп оқушыларының жетістіктері секілді көрсеткіштердің жиынтығы береді. Осы өлшемдер бойынша Қазақстан заманауи білім беру және ғылыми орталық қалыптастыру бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып, өз позициясын нығайтып келеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: университет