Оқиғалар

Ортеке: Қуыршақ театрының маңызы

Елімізге еңбек сіңірген қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың бастамасымен 1935 жылы негізі қаланған тұңғыш қуыршақ театрына биыл 90 жыл толды.

Фото: Pixabay

Осы орайда 11 қыркүйек театр мерейтой жасап, театрдың тарихы және жетістікерімен таныстыратын «Тамыры терең театр: 90 жылдың ізімен» атты кітаптың тұсауы кесіліп, алғаш театр музейінің ашылуы өтті. Келесі кезекте салтанатты жиынды «Ортеке» қойылымының премьерасымен жалғастырған. Қойылым режиссері – Григорий Лайко, жанры – стортеллинг, яғни, оқиғаны баяндау. Сахнада тек бес актерді көреміз, олар – Каюов Бақытжан, Нұрәділ Алияр, Құлназаров Шоқан, Батырханов Мейірхан және Мансұрова Әсемгүл.

Ортеке - ағаштан ойылып жасалған шағын, домбыра ойналғанда жан біткендей шапқылап билеп кететін теке бейнелі қазақтың ұлттық ойыншығы.Аты «Ортеке» болысымен, ол туралы ертегі соңында айтылады. Басында Жошы ханның өлімі жайлы аңыз баяндалған. Аң аулауға шыққан батыр құланды атып өлтірмекші болып, өзі қаза тапқан. Оның әкесі әйгілі Шыңғысханға бұл хабарды жеткізу ауыр түсіп еді. Сол кезде Кетбұға домбыра алып, ханға ұлының өлімін күй арқылы жеткізеді. Домбыра жазаға кесіліп, қорғасын құйылғандықтан ортасында ойық қалды делінген. Бұл ерте заманнан халық аузынан түспей келе жатқан аңыз. «Ортеке» туралы спектакль жасап, оны басты кейіпкер ету идеясы шамамен екі жыл бұрын келген. Оның тарихына кіріспей тұрып, арнайы зерттеу жасадық. Қойылымда айтыс ұйымдастырамыз, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын көрсетеміз. Сол аспаптардың үндестігінен тұтас бір оркестр құрып шығамыз», – деді «Ортеке» спектаклінің режиссері Григорий Лайко. (Almaty.tv сайтынан)

Келесі кезекте актерлер балаларды қазақтың ұлттық аспаптарыментаныстырды. Оның ішінде шаңқобыз, асатаяқ, дауылпаз және сыбызғы сынды көп балалар біле бермейтін аспаптар. Ең қызығы, сахнаға екі бала шақырылып, актерлер оларға ойнауды үйретіп, күй ойнап шығады.

Осылай Ортекеге де келіп жеттік. Ертегі бір батырдың қаһармандығы жайлы еді. Батыр мен сұлу бір-біріне ғашық болып, бала тауып, бақытты өмір сүріп жатқан. Тойлап жатқан уақытта зұлым дәу кемпір болып келіп балаларын дуалап тастайды. Сиқырдың күшін жою үшін батыр бақсыға жолығып, ортекені іздеуге аттанған. Жолда қыран құс пен тұлпарға көмектесіп, олармен дос болады. Соңында текеден көмек алып, бақытты өмірге қайта келеді. Балаларға қазақ халқы ойлап тапқан, тіпті, ЮНЕСКО тізіміне енген қуыршақтармен таныстырып, күй ойнау арқылы оларды билетеді.

Қуыршақ театры арқылы халқымыздың көне замандардан бүгінгі күнге жеткен салт-дәстүрлерін, ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптарын, күй мен би өнерлерін және халық ауыз әдебиетін жаңа бағытта таныстыруды көздейтін «Ортеке» спектаклі – көрермендердің ілтипатынан шыққан. Қазіргі ұрпаққа қазақтың құндылықтары ұмытылмас үшін қызықты түрде таныстырған. Көрерменмен байланыс көп болды, олардың білімдері сыналды, қазақи киім киіп, ұлттық би билеген актерлерден қайталап билеген. Қойылым барысында бүлдіршіндердің қызығушылығын байқауға болады. Актерлер ешкімді шулатпай, қойылымға назар аудартып отырғанына қарап, олардың мықты, кәсіби еңбектеріне баға бермей кетуге болмас. Олар осы қойылым үшін қысқа уақыттың ішінде бірнеше ұлттық аспаптарды меңгеруге тиіс болғанын атап өткен. Әрине, біліктіліктің жетіспеушілігі премьерада көзге түскен болатын, алайда, келесі өнер көрсетулерде бұл мәселе жойыла бастағанын көре аламыз.

Қуыршақ театрының маңызы біз ойлағаннан да үлкен. Бұл жай ғана ертегі көрсетіп қана қоятын жер емес, тәрбие орталығы. Бүлдіршіндердің қиялын оятып, салт-дәстүр, аңыз-ертегілермен таныстыратын жер. Сүйсініп ойнайтын қуыршақтарға сахнада жан бітіп, көрерменмен байланыс жасауы әр баланың арманы әрі ұмытылмас сәттердің бірі екені сөзсіз. Себебі, бәріміз ғажайыпқа сеніп өсеміз, ал театр оны шындыққа айналдырады. Қойылымын көріп шыққан сезім тіпті, ересектерге де өте өзгеше. Балаларын апарған ата-ана өзін де балаша сезініп бірге ойынға қатысып, әсер алады.

Қуыршақ театры басқа театрларымен қатар тұра алатын, қоғамға маңызды өнер орыны. Шетелдің ертегілерімен бірге қазақтың әдебиетімен таныстырып, жас ұрпақты рухани және мәдени тәрбиелейтін жер. Еліміз бұл театрды ашу арқылы көп жетістіктерге жетті және әлі де ол дамуға өз үлесін әлі күнге дейін қосып келеді.

Ғұмарова Жансая

Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА

«Театртану» бөлімі. 1 курс

Сайт Әкімшілігі