Қоғам

Өрттің алдын алу әр үйден басталады

Қыс түскен сайын өрт пен иіс тиіп улану қаупі артады. Әсіресе пешпен жылытылатын жер үйлерде қауіпсіздік талаптарын елемеу ауыр жағдайға әкелуі мүмкін.

ашық дереккөз

Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі республика көлемінде арнайы онкүндік өткізуді бастады.

21 қарашада министр Мұрат Мұханов Астананың Көктал тұрғын алабында өткен шараға қатысып, тұрғындардың үйіндегі өрт қауіпсіздігі жағдайымен танысты. Мамандар алдымен әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың баспаналарын аралап, пеш пен мұржаның жай-күйін, электр сымдарының дұрыстығын тексерді. Қажет деп табылған жерлерде мұржалар тазаланып, түтін дабылқаққыштары орнатылды.

Тексеру кезінде биыл 1 тамызда үйі өртенген, алты баласы бар отбасының жағдайы да назарға алынды. Олардың баспанасындағы мұржа тазартылып, өрт туралы хабар беретін құрылғы қойылды. Жалпы бір тексеру барысында төрт мұржа тазаланып, үш үйге дабылқаққыш орнатылған. Мамандар жылыту жүйесі мен электр желілерін де қарап шықты.
Онкүндік аясындағы жоспарлы жұмыс тұрғын үйлермен ғана емес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, жатақханалар мен әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігі де тексеріледі. Әсіресе жалғыз тұратын қарттар, көпбалалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұратын үйлерге басымдық берілмек.

Министрлік келтірген мәліметке сүйенсек, жылыту маусымы басталғалы бері елде тұрғын үйлерде 787 өрт оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 33 адам қаза тапса, олардың төртеуі – бала. Тағы 27 адам ауыр-жеңіл жарақат түрін алған. Бұдан бөлек, өрт шықпаса да, 28 адам көміртек тотығынан уланған. Астананың өзінде осы кезеңде 38 өрт болып, бір адам көз жұмып, екі адам жарақат алды.

Мұндай қауіпті болдырмау үшін мамандар тұрғындарды аралап, түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеді. Бүгінге дейін әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың 93 579 үйі тексерілген. 258 мыңнан астам адамға өрт қауіпсіздігі жөнінде ақпарат берілген. 15 тамыздан бері үйлерге 19 787 түтін және газ дабылқаққышы орнатылды. Дегенмен әлі де 8 223 баспанада өрт қауіпсіздігіне қатысты 9 262 кемшілік жойылмаған. Астанада да қауіптің алдын алу жұмысы жүргізіліп келеді. Қала бойынша төрт мыңнан астам үйге барған мамандар жауапты органның есебінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы 695 отбасының бәрін тексерген.

Министрлік "Ата-анаңның үйін тексер" акциясын да жалғастырып отыр. Оның мақсаты – тұрғындарға қауіпсіздік ережесін қаперде ұстау ғана емес, қарт ата-анасының, жақындарының үй жағдайына назар аударуға шақыру.
Өрттің алдын алу үшін күрделі шараның қажеті жоқ. Пешті уақытында тазалау, мұржаны қарау, электр сымдарының жағдайын тексеру және түтін дабылқаққышын орнату көп жағдайда қайғылы оқиғаның жолын кеседі. Ең бастысы, қауіпсіздікке тек төтенше жағдай кезінде емес, күнделікті көңіл бөлген жөн.

Сайт Әкімшілігі