"Орысша түсінбейтін мәмбеттер" деген депутаттыққа үміткердің басы дауға қалды
Астанада депутаттыққа үміткердің басы дауға қалды
Астана қаласы мәслихатының депутаттығына «Әділет» партиясынан үміткер Владислав Сергеевке қатысты әлеуметтік желіде дау шықты.
Оған тиесілі делінген аудиожазбада қазақтілді тұрғындарды кемсітетін сөздер айтылған.
25 қарашада Threads әлеуметтік желісінде өзін партия еріктісі ретінде таныстырған қолданушы аудиожазба жариялады. Оның айтуынша, Сергеев бұл хабарламаны сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырушы кураторға жіберген.
Аудиожазбадағы ер адам Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданын «екінші Шымкент» деп атап, тұрғындары туралы кемсіте сөйлеген.
«Айналаның бәрі – мамбеттер, орыс тілін дұрыс түсінбейді», – дейді аудиожазбадағы ер адам.
Сондай-ақ ол өзіне осы ауданның бекітілгеніне наразылық білдірген.
Бұған қатысты Сергеев Instagram парақшасында мәлімдеме жасап, аудиожазбадағы дауыс өзіне тиесілі емес екенін, жазба жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарына телефонын беруге дайын екенін мәлімдеді.
Әзірге аудиожазбаның түпнұсқалығы расталған жоқ.
Айта кетейік, Владислав Сергеев 2023 жылы AMANAT партиясынан Астана қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған. Биыл ол «Әділет» партиясынан №1 сайлау округі бойынша депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген.
Аталған дау 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына төрт күн қалғанда шықты.