Оқиғалар

Өскеменде велосипед теуіп келе жатқан бір топ жасөспірімді көлік қағып кетті

Өскеменде жеңіл көлік кәмелетке толмаған велосипедшілер колоннасын қағып, салдарынан алты жасөспірім зардап шекті.

Фото: ашық дереккөз

Жол-көлік оқиғасы 27 мамыр күні таңертең Ертіс көпірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалар колоннасы жолдың шеткі жолағымен қозғалып келе жатқан сәтте Toyota Avensis жүргізушісі жолақ ауыстыру кезінде қауіпсіздікке көз жеткізбей, велосипедшілерді қағып кеткен.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті мәліметінше, оқиғадан кейін алты жасөспірім медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккен балаларға дәрігерлер қажетті көмек көрсеткен.

Қазір полиция қызметкерлері жол апатының барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Сондай-ақ кәмелетке толмаған велосипедшілер колоннасының жолдың жүру бөлігіндегі қозғалысын кім ұйымдастырғаны әзірге белгісіз екені айтылды.

Сайт Әкімшілігі