Оқиғалар

«Бізді ажыратуға тырысты»: Сәрсемалиев сотта қайын жұртын не себепті өлтіргенін айтты

Атырауда Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі басталды. Іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралып жатыр.

Фото: atpress.kz

Істі аса ауыр қылмыстар бойынша бірнеше сот процесімен танымал судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.

Сот отырысы басталар алдында қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әсила Мұқанғалиева айыпталушының туыстары осы уақытқа дейін жәбірленушілермен байланысқа шықпағанын айтты.

«Бүгінге дейін ешкім кешірім сұрап, бізбен хабарласқан жоқ. Біз әділ әрі ашық сотты күтеміз», – деді ол.

Сотта Сұлтан Сәрсемәлиев Махамбет ауданында туғанын, орта білімі бар екенін, ресми түрде жұмыс істемегенін және 2022 жылы ажырасқанын айтты. Оның бес баласы бар. Прокурор айыптау актісін жариялады Сот барысында мемлекеттік айыптаушы қылмыстың мән-жайын баяндады. Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы алдымен Нәсіп Үтешқалиеваны, кейін оның жұбайын асүй пышағымен өлтірген. Екеуі де ауыр жарақат пен көп қан жоғалтудан оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу дерегінше, кейін олардың денелері түнде үй ауласындағы қораға жасырын көмілген.

Сот барысында Сәрсемәлиев істі алқабилердің қатысуынсыз қарауға келісетінін мәлімдеді. Адвокаты да бұл ұстанымды қолдады. 

Сот соңында айыпталушы өз мәлімдемесін жасады.

«Олар ұзақ уақыт бойы мені отбасымнан ажыратуға тырысты және осы мақсатқа жету үшін барлығына барды. Соған қарамастан, біз жұбайыммен ажырасқымыз келген жоқ. Олар үнемі қоқан-лоқы көрсетіп, отбасылық қарым-қатынасымызға араласты. Тіпті әйелімді менен тартып алуға әрекет жасады, ал балаларыма: «Сен не оған, не оның ата-анасына бұйырмайсың», деп айтқан. Бұл менің ар-намысыма тиді. Соңғы сәтке дейін отбасымды сақтап қалуға тырыстым. Балаларымның анасыз да, әкесіз де қалуын қаламадым. Бірақ бір сәтте қатты қажыдым. Олардың әрекеті мені күйзеліске ұшыратып, ақыл-есімнен айырды. Осыдан кейін осындай қылмысқа бардым. Мен кез келген жазаны, оның ішінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын да қабылдауға дайынмын», – деді ол. 

Қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі