Ойшылдардың ілімінде рухани және интеллектуалдық сабақтастық сақталған – Ерлан Қарин
Ойшылдардың ілімінде рухани және интеллектуалдық сабақтастық сақталған – Ерлан Қарин
Вице-Президент Ерлан Қарин Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде ойшылдардың ілімінде рухани және интеллектуалдық сабақтастық сақталғанын жеткізді.
– Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай бастаған ақыл-ой алыптары әртүрлі кезеңде, әртүрлі тарихи жағдайда өмір сүрді. Бірақ, олардың еңбектеріне ортақ өзек бар. Бұлар – әділдік пен қайырымдылық, мейірімділік пен адамгершілік, оқу-білімге құштарлық пен жауапкершілік. Яғни, ойшылдардың ілімінде рухани және интеллектуалдық сабақтастық сақталған, – деді Ерлан Қарин.
Бұл ретте, Вице-Президент әл-Фараби еңбектерінен мысал келтірді.
– Әл-Фараби өз еңбектерінде әділдік идеясын дәріптеп, қайырымды қоғам құру мәселесін көтерген. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында мемлекеттің басқару ісіне қатысты ерекше ұстанымдар айтылған. Ұлы ғұлама кез келген мемлекеттің қуаты оның әскери немесе экономикалық үстемдігінде емес, адамгершілік құндылықтарда екенін жеткізеді. Шынында да, бірнеше ғасыр бұрын айтылған бұл қағидаттар мен құндылықтар әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділдік, қайырымдылық, мейірімділік, адамгершілік, жауапкершілік қағидаттарын мемлекет ісінің мызғымас тірегі ретінде ұстанып келеді, – деді Вице-Президент.