Қоғам

Өзбекстанда Гүлнара Каримовадан тәркіленген 43,5 млн доллар қайда жұмсалды?

Швейцарияда Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримовадан тәркіленген 43,5 миллион доллар медицина саласын дамытуға жұмсалды. Бұл туралы Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі хабарлады.

kun.uz

Ведомствоның мәліметінше, қаражат елдегі перинаталдық медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.

Жоба аясында республика бойынша 231 перинаталдық мекеме заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. 31 миллион доллардан астам қаржыға инкубаторлар, өкпені жасанды желдету аппараттары, анестезиологиялық жүйелер және өзге де медициналық құрылғылар сатып алынған.

Сонымен қатар, 80 мыңнан астам медицина қызметкері заманауи перинаталдық көмек көрсету, күрделі жүктілікті жүргізу, шала туған нәрестелерді күту және зертханалық диагностика бойынша біліктілігін арттырған. Сондай-ақ 49 клиникалық хаттама әзірленіп немесе жаңартылған.

Швейцарияның Өзбекстандағы елшісі Константин Оболенский заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару және оларды ашық әрі тиімді пайдалану Швейцария үшін басым бағыттардың бірі екенін мәлімдеді.

Еске салайық, Швейцария прокуратурасы 2023 жылы Гүлнара Каримоваға халықаралық қылмыстық ұйымды басқару, ақшаны жылыстату, пара алу және құжаттарды қолдан жасау баптары бойынша айып таққан болатын. Прокуратура оның шамамен 480 миллион доллар көлеміндегі активтерін тәркілеуді талап еткен.

Ал Өзбекстанда Гүлнара Каримова 2015 жылы бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, 2019 жылы түзеу мекемесіне ауыстырылды. Кейін 2020 жылы мемлекеттік қаражатты жымқыру, мемлекет мүддесіне қайшы мәмілелер жасау және аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін қорқытып алу фактілері бойынша 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылған.

Сайт Әкімшілігі