Саясат

Өзі шығарған ережені өзі бұзған Бекшинге не көрінді?

Карантин режимі деп, қала-қаладағы қоғамдық ойын-сауық орындарын тырп еткізбей, той шараларына тыйым салынып жатқанда Алматының бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшиннің масқарасы шықты.

Jasalash.kz

    Әлеуметтік желіде тез тарап кеткен құжатқа сәйкес, Бекшиніміз өзі шығарған ережені өзі бұзып, Алматыдағы Ritz-Carlton қонақүйінде 150 адамның қатысуымен шара өткізуге рұқсат берген екен. Әдетте кез келген нәрсені фейк (жалған) деп, жоққа шығарғыш Бекшин бұл жолы өйте алмады. Қалалық тауарлар және қызметтер қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті Бекшиннің шынымен де «Капитал Тауэр Девелопмент» ЖШС-іне салтанатты жиын өткізуге рұқсат бергенін растады. Ал Бекшиннің қолданыстағы қаулысы кез келген бұқаралық шараларға тыйым салады.

    Жалпыға ортақ ереженің бұл жолы неге «жүрмей» қалғанының құпиясы тез ашылды. Банкет иесі кеше ғана футболдан ел чемпионы атанған алматылық «Қайраттың» қожайыны, сол Ritz-Carlton қонақүйі иелерінің бірі, олигарх Қайрат Боранбаев болып шықты.

    Сөйтсек, бұл қымбат қонақүй бұған дейін де Бекшиннің арнайы рұқсатын алып, байлардың тойларын өткізіп келген екен. Мәселен, тексеру жүргізумен айналысуы тиіс мониторингтік топқа 17 қазан күні шағым түсірген қала тұрғындары осы қонақүйдің 28-қабатында 45 адамның қатысуымен үйлену тойы өтіп жатқанын жеткізген. Бақылау департаментінің елдегі ықпалды олигархқа айыппұл салуға батылы жетпепті. «Біз барғанда той аяқталып, қонақтары тарқап кетісіпті», – деп құтылды.

     Қазақстан қашанғы олигархтарға заң жүрмейтін мемлекет болып тұрар екен? Сыбайластыққа барған Бекшиннің тағдыры не болады? Ол жағы әзірге беймәлім. Білетініміз, бұл елде әлі күнге дейін «өзімізге бәрі болады, қалған халық заңмен жүрсін» деген сорақылық, екіжүзді стандарт кездеседі. Ендеше Бекшиндер мен басқа да заң шығарғыштар олигархтардың бар екенін ескеретін жаңа заңдарды неге қабылдамай отыр? Міне, сол нормативтік актілерге «олигархтарға болады» деген баптарды бақырайтып жазып қойсын.  Әйтпесе барша Қазақстан халқына ортақ деп қабылданған заңдар олардың ыңғайына келмейтінін бәріміз көріп отырмыз.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега