Қоғам

Өзіне қол салушылар азаймай тұр

Қазақстанда суицид жасау көрсеткіші биыл тағы да өсті. Яғни суицид жасау көрсеткіші жөнінен дүниежүзі бойынша жиырмалыққа енген.

Jasalash.kz

Мұның себебін сарапшылар балалардың құқығының дұрыс сақталмауымен байланыстырады. Балаларға жасалынатын зорлық-зомбылық, сексуалды қылмыстардың көбеюіне қатысты балалар арасындағы суицид саны едәуір көбейген. Соның ішінде Қызылорда облысында 2023 жылдың соңғы жартыжылдығына сәйкес балаларға жасалынған қылмыстың саны 11-ден 22-ге дейін өскен. Одан кейінгі орында Түркістан облысы 26,5 пайызбен, яғни ондағы қылмыс саны 34-тен 43-ке дейін артқан. Ал Атырау облысы 26,3 пайыз, Жамбыл облысы 15,8 пайызбен 19-дан 22-ге дейін көбейген.

Балаларға жасалынған қылмыстың соңы олардың өз-өзіне қол жұмсауына алып келген. Соңғы үш жылдағы көрсеткіш бойынша 2020 жылы 143 бала өзіне қол жұмсаса, 307 бала өзіне қол салу әрекеттенгені туралы тіркелген. 2021 жылы бұл көрсеткіш суицид жасаушылар көрсеткіші 175 фактіге өссе әрекет саны 373-ке артқан. 2022 жылы 2021 жылға қарағанда сәл де болса азайған. Ал биылғы жылдың көрсеткіші бойынша алғашқы жартыжылдықта 95 бала өмірін қиса, 207 бала суицид жасауға әрекеттенген.

Ал суицид оқиғасы күрт өскен аймақтарға Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қостанай, Шымкент, Маңғыстау, Түркістан, Қарағанды облыстары кіреді. Оның ішінде Түркістан облысы жағымсыз жаңалық жағынан көш бастап тұр.

Wisevoter рейтингісіне келсек, онда Қазақстанда әрбір 100 мың тұрғынның шамамен он сегізі өзіне қол жұмсайтын көрінеді. Мұны суицидолог-мамандар Қазақстан соңғы жылдары балалардың қорқынышсыз өмір сүруіне тиімсіз елге айналып бара жатқандығын айтады. Соның салдарынан елде балалар арасында күйзеліс, депрессия көбейіп, соңы қайғылы жағдайға ұрындыратыны сөзсіз. Бұл мәселеге қатысты психолог Анжела Бейсенова: «Қазақстанда суицидтің көбеюіне ең бірінші себеп – жастардың смартфонды еркін қолдануы. Жасөспірім балалардың көбі ата-анасының қадағалуымен смартфон пайдаланады деп айта алмаймын. Ересектердің қадағалауынсыз смартфон қолданғандықтан, оның ішінде өз-өзіне қол жұмсауға алып келетін керексіз ақпараттар болуы мүмкін. Екіншіден, шамадан тыс ұялы телефонды пайдалану жүйкеге салмақ салып, кері әсерін тигізеді. Сол себептен, жастар арасында күйзеліске бейімдік, депрессия көбейеді. Ал оның соңы өз-өзіне қол жұмсауына алып келеді. Қазір жасөспірімдердің психикасы әлсіз болғандықтан, ата-анасымен, не өзге де жақын адамы арасында кішкене түсініспеушілік болып жатса, «Мен ешкімге керек емеспін», «Мені ешкім сыйламайды», «Ешкім жақсы көрмейді» деген сұрақтарды өзіне көп қоя келе, кейін сол ойы күрделеніп, өзіне қол жұмсауына алып келіп жатады» дейді.

Ал әлеуметтанушылардың пікіріне келсек, әлеуметтанушы Мәнсия Садырова Қазақстандағы суицидтің көбеюіне бірнеше фактордың әсер етуі мүмкін екенін айтады. Мәселен, оның пікірінше: «Соңғы жылдары Қазақстандағы өзіне-өзі қол жұмсау жағдайының көбейіп жатқандығы, әрине, өкінішті. Әсіресе суицид жасау 25 жасқа дейінгі жастарда өте көп кездесіп жатыр. Күнкөріс деңгейінің нашарлауы, айлықтың аздығы, жұмыссыздық, бала күтімімен үйде отырған әйелдердің рухани күйзелісі, жалғыздық секілді мәселелер бар. Енді табысы төмен, материалдық жағдайы нашар адамдардың барлығы дерлік суицидке бара бермейді. Тек мұны нақты фактор деп қарамай, әсер етуші факторлардың жиынтығы деп есептеген жөн. Сондай-ақ адамның өзін қоғамға керексіз санауы, психологиялық ауытқу себебі болмаса, өмірден түңілген кезде адам өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес», – дейді М. Садырова.

Иә, әлеуметтанушы айтқандай, елдегі өмір сүру салтын, материалдық жағдайды түземейінше, қоғамдағы суицидтік жағдайды азайту мүмкін емес. Сондықтан да қоғам болып, ел болып, жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің азаюына атсалысқанымыз жөн.

Бифат Елтаева
Тегтер: Без Тега