Сараптама

«Өзіне-өзі қол жұмсаған» келіншектің өлімі: Күмән көп, күдік басым

Соңғы уақытта тұрмыстық жанжалдың арты әйелдердің жұмбақ өлімімен аяқталған жағдайлар жиіледі.

Фото: ашық дереккөз

 Марқұмдардың туыстары жақындарының «өзіне суицид жасағанына» келіспейтінін жеткізіп, өлімнің мән-жайына қатысты күмән тудыратын жағдайлардың барын айтуда. Мәселен, Қарағандыдағы екі баланың анасы Динара Мыңбаеваның өлімі де осындай даулы оқиғалардың біріне айналып отыр. Әлеуметтік желіде марқұмның оқиға болған күні полицияға хабарласып, көмек сұраған аудиожазбасы тарады.

Ресми мәлімет бойынша, Динара Мыңбаева үйінде өзіне-өзі қол жұмсаған. Алайда марқұмның туыстары қыздарының суицид жасағанына сенбейді. Олар Динараның өлімінде күмәнді жайттардың барын айтып, істің қайтадан жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр. Марқұм Динара Мыңбаева Шымкент қаласының тумасы. Ол Сарыағаш ауданының жігітіне тұрмысқа шығып, Қарағандыға көшіп барған. Сонда медицина саласында білім алып, балалы болған. Магистратураға түсуге дайындалып жүрген келіншектің өмірі өткен жылдың 3 шілдесінде үзілді.

Д.Мыңбаеваның сіңлісі Әсел Тұрдықұлова «Жас Алашқа» берген сұхбатында әпкесінің қайтыс болардан бұрын отбасындағы жағдайға алаңдап, бірнеше рет туыстарынан көмек сұрағанын айтты. Тіпті қайғылы оқиғаға ұласқан түні ата-анасына хабарласып, «мені алып кетіңдерші, ажырасамын» деген екен.

Әселдің айтуынша, Динара мен күйеуінің арасында бұрыннан тұрмыстық жанжал болып тұрған. Алайда әпкесі жақындарына отбасындағы жағдайдың бәрін айта бермеген.

«Әпкем мен жездемнің арасында ұрыстар болып тұратын. Күйеуінің қол көтерген бір жағдайын білетінбіз. Сол кезде Қарағандыдағы үйде енесі мен қайын әпкесі болған. Әпкеме бәрі жабылып ұрысқан, күйеуі де ұрған. Сонда ол әкеме жылап хабарласып, өзін алып кетуін өтінген», – дейді Әсел Тұрдықұлова.

Сол жағдайдан кейін Динараны ағасы мен әкесі Қарағандыдан Шымкентке алып кеткен. Марқұм төркінде бір-екі ай болған. Сіңлісінің сөзінше, әкесі қызын қайта бергісі келмегенімен, кейін күйеуі келіп, кешірім сұрап, Динараны алып кеткен. Әселдің айтуынша, әпкесі күйеуін жақсы көрген. Сондықтан отбасындағы қиындықтарға қарамастан, полицияға шағымдануға да асықпаған.

«Бұған дейін де қол көтерген кездері болған. Тек әпкем бізге айтпай жүрген. Полицияға арыз жазбаған. Тек қайтыс болар күні ғана полиция шақырған», – дейді ол.

Алайда сіңлісінің айтуынша, сол жолы полиция келгенде Динара күйеуінің өзіне қол көтергенін емес, балағаттағанын ғана көрсетіп, арыз жазған. Олай деп жазуына шақыртумен келген полицейлер себепші болған.

«Полицейлер «күйеуің босқа бес жылға сотталып кетеді, балаларыңның әкесі ғой» деп үгіттеген. Әпкем өте жанашыр адам еді, олардың айтқанына көне салған. Сөйтіп, тек ауызша боқтады деп жазған», – дейді Әсел.

Бұл жерде бір маңызды мәселе туындайды, егер әйелдің өзіне күш қолданылғаны туралы шағымы болған болса, оның арызы не себепті басқа сипатта тіркелді? Ал Динараның қазасына дейінгі соңғы түнге қатысты сұрақ одан да көп.

Әсел Тұрдықұлованың айтуынша, 2025 жылы 2 шілдеден 3 шілдеге қараған түні сағат 01:00 шамасында Динара ата-анасына бейнеқоңырау арқылы хабарласқан. Алайда камераға бір бетін ғана көрсетіп отырған.

«Әпкем «мені алып кетіңдерші, ажырасамын» деді. Әкем бірер күнде жолға шығып, алып кетпек болды. Әпкеме күте тұр деген. Біз мұндай жағдайдың болатынын білген жоқпыз», – дейді Әсел.

Сол түні Динара сіңлісіне де бірнеше хабарлама жіберген. Әселдің айтуынша, олардың бірі түнгі 00:56-да, екіншісі 01:30-да келген. Хабарламалардың арасында психиатриялық ауруханаға қатысты анықтама да болған. Бірақ сол уақытта ұйықтап қалғандықтан, сіңлісі хабарламаларды бірден көрмеген. Сондай-ақ марқұмның сіңлісі тағы бір маңызды жайтты алға тартты. Оның айтуынша, сол түні әпкесі анасына телефон шалып, «мені қылқындырды, ұрды» деп айтқан. Ал келесі күні, Әселдің сөзінше, Динара таңғы сағат 9:00 шамасында қайтыс болған. Жедел жәрдем шамамен сағат 11:00-де шақырылған. Ал туыстарына оның қайтыс болғаны туралы хабар түске таман жеткен.

«Адам қайтыс болып жатса, бірден жедел жәрдем шақыруы керек қой. Арада бірнеше сағат өткен. Сол уақытта не істеді?» – дейді марқұмның туыстары.

Кейбір жағдай Қарағандыға барған марқұмның туыстарының күдігін күшейткен. Мысалы, үй маңындағы камера өшірілген, ал бейнежазба сақталған флешка күйеуінің қолында болған. Бұған қоса, үйдегі кілемдерді де орнынан алып, жинап тастаған.

«Егер жасыратын ештеңе болмаса, кілемдерді неге жинап, басқа жаққа бүктеп қояды? Сол жерде қан іздері немесе қол іздері болуы мүмкін деп ойлаймыз. Бұл бізге күмәнді көрінді», – дейді Динараның жақындары.

Туыстарының тағы бір үлкен күдігі – сараптама кезінде Динараның үстіндегі киімге байланысты сәйкессіздік болған. Ата-анасы марқұмды қайтыс болар алдында басқа киіммен көргенін айтса, сараптама құжатында оның үстінде қара көйлек болғаны көрсетілген.

«Әпкемнің ондай қара көйлегі мүлдем жоқ. Сараптамада денесінде ұрудан, көгеруден, қылқындырудан қалған із жоқ деп жазылған. Біз бұған келіспейміз. Егер бір күн бұрын ұрған, қылқындырған болса, оның іздері қалуы керек», – дейді туыстары.

Олар сараптаманың объективтілігіне де күмән келтіреді. Тіпті сараптаманың нәтижесіне таныстық немесе ақша арқылы ықпал етуі мүмкін деген болжамдарын алға тартады. Дегенмен бұл тек болжам ғана.

«Негізі мұндай жағдайда заттарды орнынан қозғамау керек емес пе? Бізге осының өзі түсініксіз», – дейді олар.

Марқұмның туыстарын мазалайтын басты мәселенің бірі – тергеудің нәтижесі. Олардың айтуынша, іс бастапқыда ұзақ уақыт қаралып, кейін күтпеген жерден тоқтатылған. Күйеуінің кінәсі дәлелденбегені жөнінде қорытынды шығарылып, іс жабылған.

«Басында ұзақ процесс болды. Кейін ештеңе болмағандай, күйеуінің кінәсі жоқ, кінәсін дәлелдейтін негіз табылмады деп жазып, істі жауып тастады. Біз бұл істе әділ тергеу болған жоқ деп есептейміз. Тіпті асылып тұрды деген жердің өзін дұрыс зерттемеген. Біз істі тамыр-таныстық арқылы жауып тастады деп ойлаймыз», – деп күдігін білдіреді марқұмның жақындары.

Динараның қазасынан кейін оның ата-анасы қызын өз жақтарына жерлеуді қалаған. Алайда туыстарының айтуынша, оларды «қыз бала жат жұрттық, қайын жұртына жерленуі керек» деген уәжбен көндірген. Ақырында марқұм қайын жұртында жерленген.

«Қайын жұртынан тек қайын атасы кешірім сұрап келді. Біз күйеуі мен енесі де келіп, кешірім сұрасын деп талап еттік. Келеді деп уәде берген. Бірақ келген жоқ. Бүгінге дейін алдымыздан бір өтіп, кешірім сұраған емес», – деді Динараның туыстары.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Динара Мыңбаеваның балалары қазір күйеуінің қолында. Ал марқұмның күйеуі балаларын ата-анасының қолына қалдырып кеткен.

Бұған дейін іс өзіне-өзі қол жұмсау ретінде сараланып, жабылған еді. Оқиға соңы резонансқа айналғаннан кейін іс қайта ашылды.

«Қылмыстық іс аясында қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары толық көлемде жүргізілуде. Оқиғаның толыққанды және объективті тергелуі үшін куәгерлерден жауап алынуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Маржан СӘБЕТ

Сайт Әкімшілігі