Ozon Қазақстандағы қоймаларынан Ресейге тауар жөнелтуді ұсынды
Ozon маркетплейсі сатушыларға тауарларын Қазақстандағы Алматы мен Астана қалаларында орналасқан нысандарына орналастыруды ұсынды. Бұл туралы компанияның сатушыларға арналған Telegram-арнасында хабарланды.
Компанияның мәліметінше, тауарды Қазақстанда сақтау арқылы Ресейдегі клиенттердің тапсырыстарын да жылдам жеткізуге болады. Сонымен қатар бұл тәсіл Қазақстан мен Қырғызстандағы сатып алушыларға тауарды жедел жеткізу есебінен сатылым көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Ozon сатушыларға Қазақстандағы нысандарға тауар жөнелтуге қосымша құжаттар қажет емес екенін мәлімдеді. Ол үшін бұрынғыдай өтінім рәсімдеп, жеткізу бағыты ретінде Қазақстандағы кластерлерді таңдау жеткілікті.
Компания Қазақстандағы қоймаларға тауар жеткізуге шектеу жоқ екенін және Ресейдегі тапсырыстарды бірнеше күн ішінде орындауға болатынын атап өтті.
Бұл ұсыныс Ресейдегі ірі логистикалық нысандарға жасалған дрон шабуылдары мен қоймалардағы өрттер жиілеген кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Бұған дейін Wildberries те Қазақстаннан бос қойма орындарын іздестіре бастаған болатын.
Ал Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін Wildberries компаниясынан ел аумағында қосымша қойма орналастыру жөнінде ресми өтініш түспегенін хабарлаған. Дегенмен ведомство заң талаптары мен ел мүддесіне сәйкес келетін ұсыныстарды қарауға дайын екенін мәлімдеген.