Пак ісі: Жәбірленушілердің адвокаттарының ауысуына байланысты сот кейінге қалдырылды
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.
Өткен сот процесінде қайғылы оқиғаның алдында Александр Пакпен бірге мейрамханада болған куәгерлерден жауап алынды және қайғылы жол апаты болған орынға бірінші болып жеткен полицей куәлік етті.
Күні кеше жол апатында қаза тапқан Еламанның туыстары бұған дейінгі мүдделерін қорғап келген адвокаттары Олег Черновтан бас тартқан еді. Бүгінгі процесте жәбірленуші тараптың адвокаты ауысқаны белгілі болды. Процеске жаңа қосылған адвокат Гүлмира Бабажанова іс-материалдарымен танысу үшін сот отырысын кейінге шегеруді сұрады. Судья өтінішті қанағаттандырып, процесті кейінге қалдырды.
Бүгінгі сот отырысында Александр Пактан және сол күні Пакпен бірге мейрамханада болған полицейден жауап алынуы тиіс еді.
Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.
Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.