Әлеумет

Пак ісі: Жол апатынан қаза тапқан Томиристің әкесі сотталушыдан 100 млн теңге өтемақы талап етті

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылының бойында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Фото: Жас Алаш

Сотта жол апатынан қаза тапқан марқұм Томиристің әкесі азаматтық талап-арызын жариялады. Ол соттан айыпталушы Александр Пактан 100 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді сұрады.

Жәбірленуші тараптың адвокаты сотта сөйлеген сөзінде адам өмірінің материалдық құндылықтармен өлшенбейтінін атап өтті. Оның айтуынша, талап етіліп отырған сома мүліктік сипаттағы талап емес, қызынан айырылған әкенің орны толмас қайғысы мен рухани азабын ескеріп белгіленген.

Адвокат қаза тапқан қыздың жасы небәрі 20-да болғанын, оның отбасындағы жалғыз қыз екенін және әкесінің көріп отырған қайғысының ерекше ауыр екенін айтты. Сондай-ақ келтірілген зиянды толық өтеу немесе бұрынғы жағдайды қалпына келтіру мүмкін еместігін атап өтті.

Осыған байланысты жәбірленуші тарап әділдік, парасаттылық және тепе-теңдік қағидаттарын негізге ала отырып, моральдық зиян үшін 100 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіруді сұрады.

Адвокат азаматтық талапты қылмыстық іс материалдарына тіркеп, оны үкім шығарумен қатар қарауды өтінді.

Сайт Әкімшілігі