Пәкістанда жанкешті ұйымдастырған пойыз жарылысынан қаза тапқандар саны 30-дан асты
Пәкістанның оңтүстік-батысында 24 мамыр күні болған пойыз жарылысы салдарынан қаза тапқандар саны 30 адамнан асты.
Бұл туралы Reuters агенттігі Белуджистан провинциясының шенеуніктеріне сілтеме жасап хабарлады.
Теракт күні жанкешті жарылғыш зат тиелген көлікті әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін тасымалдаған қала маңындағы пойызға бағыттап жарғаны хабарланған еді. Оқиға Белуджистан провинциясының орталығы — Кветта қаласында болған.
Пәкістан теміржол министрлігінің мәліметінше, жарылыс салдарынан локомотив пен үш вагон рельстен шығып кеткен, тағы екі вагон аударылған.
Оқиға орнынан түсірілген кадрларда өртенген көліктер, аударылған вагондар, бүлінген тұрғын үйлер мен теміржол маңына шашылған металл сынықтары көрінеді.
Шабуыл үшін жауапкершілікті Белуджистанды азат ету армиясы атты сепаратистік топ өз мойнына алды.
Бұл ұйым бірнеше ондаған жыл бойы Пәкістан билігіне қарсы күрес жүргізіп келеді. Олар пайдалы қазбаларға бай Белуджистан өңірінің ресурстары әділетсіз пайдаланылып жатқанын және жергілікті халық өз үлесін ала алмай отырғанын айтып келеді.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф терактіні айыптап, үкімет елдегі терроризмді түбегейлі жоюға ниетті екенін мәлімдеді.
«Мұндай қорқақ террористік әрекеттер Пәкістан халқының жігерін әлсірете алмайды», – деді Шариф.
Еске салсақ, өткен жылдың наурыз айында Белуджистанды азат ету армиясы содырлары Кветта мен Пешавар арасында қатынайтын Jaffar Express пойызын басып алып, жүздеген адамды кепілге алған болатын.
Кепілдегілерді босату операциясы бір күнге созылып, нәтижесінде 21 кепілдегі адам, төрт әскери қызметкер және барлық 33 содыр қаза тапқан еді.