Әлеумет

Пәкістанда жолаушылар пойызы жарылып, 24 адам қаза тапты

Пәкістанның Белуджистан провинциясында «Джаффар Экспресс» жолаушылар пойызында болған жарылыс салдарынан кемінде 24 адам қаза тауып, 82 адам жараланды.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы полициядағы дереккөздерге сілтеме жасаған Синьхуа агенттігі хабарлады.

Мәліметке сәйкес, пойызбен құқық қорғау органдарының қызметкерлері Ораза айт мерекесіне байланысты үйлеріне қайтып бара жатқан. Жарылыс жергілікті уақытпен таңғы 08:05 шамасында Кветта қаласындағы әскери қалашықтан шыққаннан кейін болған.

Жарылыс салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кеткен. Оның екеуі өртеніп, маңайдағы көліктер де зақымданған.

Қаза тапқандар мен жараланғандардың арасында әйелдер мен балалар бар екені айтылды.

57 зардап шегуші әскери госпитальға, тағы 25 адам Кветтадағы азаматтық ауруханаға жеткізілген.

Алдын ала тергеу нәтижесі бойынша, шабуыл жанкешті ұйымдастырған теракт болуы мүмкін. Дереккөздердің айтуынша, шабуыл кезінде 70 келіден астам жарылғыш зат тиелген көлік қолданылған.

Сайт Әкімшілігі