Саясат

Парламент пен үкімет қазақты қашан қорғайды?

Осыдан біраз уақыт бұрын мен ақпарат құралдарында парламент депутаттарының мемлекеттік тілге байланысты Конституция талабын орындамай, заңбұзушылықтарға барып отырғаны туралы жазған болатынмын («Жас Алаш» 13.

Jasalash.kz

10.2020 ж.).

     Бұл елді толғантқан күрделі мәселеге депутат мырзалар үндемей құтылғаннан кейін мен үкіметтің, парламенттің қос палатасының төрағаларына, депутаттарына сіздер  Конституцияның 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» делінген норманы, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының 4-бабы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.  Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi» дегенді олардың ұзақ уақыт бойы ескермей, орындамай жүргендерін айтып арыз жаздым. Биліктің осындай теріс әрекеттері халықтың конституциялық құқының бұзылуына, шектелуіне жол беріп отырғанын көрсетіп, қазақ тіліне қатысты заңбұзушылықтарды жою жайлы талап қойған едім.

     Өткен аптада олардың жауабын алып, не ойларымды білмей, сіздерден, қазақ азаматтары, ақыл сұрап отырмын. Мәжілістің «заңды белшесінен басып, Конституцияға қарсы келіп отырсыздар» деген менің арызыма жауабы: «Мемлекеттік тілдің жағдайына жанашырлық танытып, оның қолдану аясын кеңейте түсуге алаңдаушылық білдірген азаматтығыңызға алғысымызды айтамыз. Осындай нақты қамқорлық арқылы ана тіліміздің ажары ашылып, айбыны таси беретін болады» деген бір-ақ ауыз сөз ғана. Оның үстіне хатқа талай жыл «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болған, қазіргі мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдрахманов қол қойған. Арызыма келген жауапта өрескел қателіктер өріп жүр: «элі, үсыныс» сынды қателіктер тайға таңба басқандай көрініп тұр.

      Ал сенаттың жауабы тіпті таңғаларлық. Себебі олар қазақша қойылған сұраққа былай деп орысша жауап берді: «Обращение изучено, материалы использованы в работе или опубликованы в СМИ». Кім не ұқты?

     Үкімет те арыздан ауытқып, бағдарламалардың жырын айтып, алғыспен шектеліпті. Бұл «шенеуніктер заң талабын орындайды, қазақ тілін дамытады» дегенге қайыр қалмағанын көрсетіп отыр. Қазақстан парламенті мен үкіметінің қазақ тілін менсінбей, өзге тілде сайрауы өте қауіпті құбылыс. Тіл – кез келген мемлекеттің айрықша белгілерінің бірі.

     Қазақ елінің ғасырлар қойнауынан жоғалып кетпей, осы кезеңге жетіп егемендік алуы­­ халыққа қашанда қилы замандарда қайсар рух берген ата-бабаларымыздың асыл да ардақты тіл қасиетінің арқасы.Қазақстанда қазақ болып туғанымен, қазақ болып өмір сүру өте қиын болып тұр. Жапан далада жау ортасында қалғандай сезімде болады екенсің. Неге дейсіз ғой? Парламент, үкімет қазақ тілін қолдамайды, заңды мойындамайды. Қазақтар өз Отанында жүріп ана тілінде қызмет алу құқына жете алмай отыр.Осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою үшін Қазақстан азаматы ретінде құқымды қорғайды деген үмітпен сотқа барсам, арызымды қабылдамайды, түсінбейді де. Тіпті парламент пен үкіметтің айырмашылығын ажырата білмейді.

Қордайдағы дүрбелең дауы қазақтың құқын мемлекеттік органдардың дер кезінде қорғалуын қамтамасыз етпегенінен басталғанын айта кеткен жөн болар.  Ұлттық тілден ұшынғандары былай тұрсын, Отанында қандастарымызды кемсітушілік те кездеседі. Мысалы, мұнайлы өлкелерде шетелден келген мамандар жергілікті қазақ азаматтарымен  бірдей істелетін жұмысқа екі-үш есе артық жалақы алатыны тағы бар. Сонда әділетті алу үшін міндетті түрде  шетел азаматы болуымыз керек пе?

    Бұл – қазаққа жасалған бассыздықтың басы ғана. Себебі біздің елде құқығын қорғай алмаған азаматтарымыздың санынан көз сүрінеді. Мысалы, Алматы облысында бір азаматқа төрт рет қастандық жасалған. Атып, жарып, бесіншісінде пышақтап өлтірілгені ресми ақпараттарда айтылды.

       Осы тұста тағы бір мысалды тілге тиек етсем деймін. Жақында бір шаруа қожалығының алдымен қойын ұрлап, сосын сиырын айдап әкетіп, түбінде қылмыстарын жалғастырып, қысқа жинаған шөбін өртегенін естіген едік. Қылмыскерлер қазақтың алтын бесігі – қасиетті ауылына шабуыл жасады. Бұл да қолдан жасалған қылмыстың көрінісі деуге дәлел көп. Себебі жоғарыдағылар мал баққан қазақты жан бағуға мәжбүрлеп жатыр.

          Момын елді алаң торып қорқытып, қамап жүрген ІІМ мен ҰҚК қызметкерлері неге осындай топтасқан қауіпті қылмыскерлерді ұстап жазаламайды? Неге ел тыныштығын қамтамыз ету міндеттерін орындамайды? Осылар елге қызмет ету, Отанды қорғау, халықтың қаһары, көз жасы, алғысы мен қарғысы дегенді біле ме екен?!

     Егер бізге егемендік сыйлаған қасиетті де қасіретті Желтоқсанның боздақтары, құрбандары келіп, «Аманатты адал арқалап жүрсіңдер ме? Біз армандап кеткен асыл істер орындалды ма? Елім, жерім, тілім аман ба?» десе, не деп айтар едік?! Қорыта келе, Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған ұлттың сөзі де жоғалады, өзі де жоғалады» дегенін есте сақтайық.

    

Айыпқан Мұхамадиев
Тегтер: Без Тега