Парсы шығанағындағы елдер Ормуз бұғазы мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады
Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекет Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер қозғалысын бақылауға арналған жаңа құрылым құру бастамасына қарсы шықты.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Бахрейн, Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері Халықаралық теңіз ұйымына бірлескен хат жолдап, Тегеран ұсынған жаңа маршрут пен арнайы басқару органын мойындамайтынын жеткізген.
Құжатта Иранның Парсы шығанағындағы кеме қозғалысын өз бақылауына алуға тырысып отырғаны айтылған. Аталған елдер мұндай қадам халықаралық тасымал қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, қауіпті прецедент қалыптастыруы мүмкін деп есептейді.
Мәліметке сәйкес, Иран кемелер қозғалысын өз аумақтық сулары арқылы өткізуді ұсынып отыр. Бұл жағдайда Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелерден экономикалық пайда табуы мүмкін. Шығанақ елдері халықаралық жүк тасымалдаушыларды Иран ұсынған бағытты пайдаланбауға және жаңа құрылыммен ынтымақтастық жасамауға шақырды.
Бұған дейін Иран Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын реттеу үшін арнайы басқарма құрылғанын жариялаған еді. Соңғы айларда Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс салдарынан бұл аймақтағы теңіз қатынасы күрделене түскен. АҚШ президенті Дональд Трамп та Ормуз бұғазының халықаралық кеме қатынасы үшін ашық әрі еркін болуы қажет екенін мәлімдеп, Ираннан кемелерден ақы алудан бас тартуды талап еткен.