Оқиғалар

«Партиялардың рөлі айтарлықтай артады»: Болгариялық сарапшы жаңа Құрылтайдың құрылуына баға берді

Бір палаталы Құрылтайға көшу және пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайлау өткізу саяси партиялардың бағдарламалар әзірлеуден бастап сайлаушылардың мүдделерін қорғауға дейінгі рөлін айтарлықтай күшейтеді.

Фото weproject.media ресурсынан алынды

 Болгариялық дипломат әрі ғалым Камен Величковтың пікірінше, партиялардың белсенді жұмысы мен болашақ парламент құрамының тұрақтылығы Қазақстанның саяси жүйесінің одан әрі дамуының маңызды шарттарына айналады.

23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы халықаралық сарапшылар қауымдастығының назарын аударып отыр. Алдағы сайлау науқанына деген қызығушылық жаңа парламент құрамын қалыптастырумен ғана емес, заң шығарушы билік моделінің өзгеруімен де байланысты.

Камен Величков – болгариялық дипломат, ғалым, PhD философия докторы және Әулие Климент Охридский атындағы София университетінің профессоры. Сонымен қатар ол Қазақстандағы Еуропалық Одақ делегациясының бөлім басшысы және Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың аға кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Болгариялық сарапшының пікірінше, бүгінде Еуропа елдерінің басым бөлігінде қолданылатын бір палаталы парламент моделіне көшу – өз алдына маңызды қадам. Ал пропорционалды сайлау жүйесін таңдау саяси партиялардың рөлін едәуір арттырады.

«Құрылтайға сайлау Еуропа елдерінің басым бөлігінде қолданылатын бір палаталы парламентке пропорционалды сайлау жүйесі бойынша өтеді. Мұндай жүйеде саяси партиялардың рөлі айтарлықтай артады», – деді Камен Величков.

Сарапшының айтуынша, мұндай жүйеде партиялар өз платформалары мен бағдарламаларын әзірлеуде ғана емес, сайлаушылармен жұмыста да негізгі рөл атқарады. Атап айтқанда, олар азаматтарды сайлауға белсенді қатысуға жұмылдырудан бастап, сайлауалды науқан барысында олардың мүдделері мен ұсыныстарын ескеруге дейінгі міндеттерді орындайды.

«Саяси партиялар өз платформалары мен партиялық бағдарламаларын әзірлеуде ғана емес, сайлаушыларды сайлауға белсенді қатысуға жұмылдыруда және сайлауалды науқан барысында айқын көрініс табатын олардың мүдделері мен тілектерін ескеруде де негізгі рөл атқаратын болады», – деп атап өтті ол.

Камен Величков жаңа Құрылтайдан күтілетін тұрақтылық мәселесіне де ерекше тоқталып, дәл осы фактор Қазақстанның саяси жүйесінің одан әрі дамуы үшін шешуші шартқа айналатынын айтты.

«Жаңа Парламенттен, яғни Құрылтайдан күтілетін бұл тұрақтылық Қазақстанның саяси жүйесінің одан әрі қалыптасуы үшін айрықша маңызды болады», – деп түйіндеді Камен Величков.

Осылайша, алдағы сайлаудың маңызы жаңа Құрылтай құрамын қалыптастырумен ғана шектелмейді. Пропорционалды жүйе партиялардың өз бағдарламаларының сапасына, азаматтармен өзара іс-қимылына және олардың мүдделерін танытуға жауапкершілігін арттырады. Ал сайланған парламенттің тұрақты жұмысы Қазақстанның саяси жүйесінің дәйекті дамуының маңызды негізіне айналады.

Сайт Әкімшілігі