Саясат

Пашинян ресейлік шекарашылардың Армениядан толық кететінін мәлімдеді

Пашинян ресейлік шекарашылардың Армениядан толық кететінін мәлімдеді

Фото: Tigran Mehrabyan/Armenian Prime Minister Press Service/PAN Photo

Армения премьер-министрі Никол Пашинян алдағы жылдары елдің мемлекеттік шекарасын күзету міндетін армян шекарашылары толықтай өз қолына алатынын мәлімдеді.

Пашинян бұл туралы 26 қарашада Ереванда үкімет отырысынан кейін өткен брифингте айтты. Ол Ресей шекарашыларына осы уақытқа дейін атқарған қызметі үшін алғыс білдіріп, Арменияның өз шекарасының қауіпсіздігін дербес қамтамасыз етуге көшетінін жеткізді.

Алайда премьер-министр ресейлік шекарашылардың ел аумағынан толық шығарылатын нақты мерзімін атаған жоқ.

Ресейлік шекарашылар 1992 жылы жасалған мемлекетаралық келісім негізінде Арменияның Түркия және Иранмен шекарасын күзетуге қатысып келеді.

Соңғы жылдары Ереван ресейлік шекарашылардың қызметін кезең-кезеңімен шектей бастады. 2024 жылғы тамызда олар Еревандағы «Звартноц» халықаралық әуежайынан, ал 2025 жылғы қаңтарда Иранмен шекарадағы «Агарак» өткізу бекетінен шығарылған.

Айта кетейік, Арменияның Гюмри қаласында Ресейдің 102-әскери базасы орналасқан. Оны ел аумағынан шығару туралы ресми шешім әзірге қабылданған жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Пашинян