Пашинян сайлау науқанына байланысты Қазақстандағы ЕАЭО шараларына қатыспайды
Мәскеуде Ереванның Еуроодақпен жақындасу бағытына қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.
Ресей президенті Владимир Путин Арменияның Еуроодаққа қосылу жоспарына қатысты Мәскеудің ұстанымын бірнеше рет білдірген. Оның сөзінше, екі бірлестікке бірдей мүше болу мүмкін емес.
Ушаков Еуразиялық интеграция Арменияға айтарлықтай пайда әкелгенін атап өтті. Оның мәліметінше, 2014 жылдан бері елдің ЖІӨ көлемі 11,6 млрд доллардан 20,2 млрд долларға дейін өскен.
Арменияның ЕО-ға кіру жоспары мен ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықты қатар жалғастыру ниеті одаққа мүше елдердің алаңдаушылығын туғызып отыр.
ЕАЭО-ның жабық форматтағы отырысында Арменияның одақтан шығуы мүмкін болған жағдайда туындайтын салдар талқыланбақ.
Ушаковтың сөзінше, қандай да бір елді ЕАЭО құрамынан біржақты шығарып жіберу мүмкін емес. Алайда мемлекет одақпен ынтымақтастықты өз еркімен тоқтата алады.