Сараптама

Павел Таланкинның «Оскар» мүсіні Германияға ұшу кезінде жоғалып кетті

Режиссер Павел Таланкинға «Оскар» мүсіні ұшақ салонына алып кіруге рұқсат берілмеген. Бұл туралы фильмнің екінші режиссері Дэвид Боренштейн мәлімдеді. Оның айтуынша, немістің Lufthansa әуе компаниясы жағдайды анықтап, көмектесуге уәде берген.

Фото: ашық дереккөз

«Оскар» мүсіні Нью-Йорктен Франкфурт-на-Майнеге ұшу кезінде жоғалып кеткен. Павел Таланкин бұл сыйлықты "Ешкім мырза Путинге қарсы"  (Господин Никто против Путина) фильмі үшін алған болатын.

Режиссердің айтуынша, TSA (АҚШ көлік қауіпсіздігі қызметі) қызметкерлері мүсінді салонға алып кіруге тыйым салған. Олар «Оскарды» ықтимал қару ретінде пайдалануға болады деп бағалаған. Соның салдарынан мүсін жүк бөліміне тапсырылған, алайда Франкфуртке жеткенде оның жоғалғаны анықталған.

Боренштейн Lufthansa компаниясына әлеуметтік желі арқылы жүгініп, бұл жағдайға наразылық білдірді. Ол мұндай талаптың бұрын-соңды болмағанын айтып, «егер бұл танымал актер болса немесе ағылшын тілін еркін меңгерсе, дәл осылай қарар ма еді?» деген сұрақ қойған.

Әуе компаниясы жауап беріп, істі жоғары деңгейде қарастырып жатқанын және жүктің табылуы үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Ресейдің Әділет министрлігі 2026 жылғы 27 наурызда Таланкинді «шетел агенттері» тізіміне енгізген. Ал Челябинск соты фильмді Ресей аумағында көрсетуге тыйым салған. Прокуратура авторларды билік пен Украинадағы соғысқа қатысты «теріс көзқарас қалыптастырды» деп айыптаған.

Таланкин фильмі Ресей мектептеріндегі өзгерістерді, әсіресе Украинадағы соғыс басталғаннан кейінгі идеологиялық ықпалдарды көрсетеді. Таланкин түсірілімді мектептің ішінен жүргізіп, оқушыларға арналған үгіт-насихат шараларын құжаттаған. Кейін ол бұл бейнематериалдарды Ресейден алып шығып, фильмге негіз еткен.

Сайт Әкімшілігі