Әлеумет

Павлодар облысында мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан әйел қайтадан адам өлтіргені үшін 17 жылға сотталды

Екібастұзда шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққаннан кейін бірнеше ай өтпей жатып адам өлтіріп, тағы бір адамды өлтіруге оқталған 28 жастағы әйелге сот үкімі шықты.

Фото: из открытых источников

Іс материалдарына сәйкес, қанды оқиға биылғы қаңтарда ішімдік ішу кезінде басталған жанжалдан кейін болған. Сотталушы алдымен көршісімен жанжалдасып, оны подъезде аяусыз соққыға жыққан. Кейін пәтерге сүйреп кіргізіп, бірнеше рет пышақтаған. Зардап шеккен әйел қашып шығып, баспалдақ алаңында есінен танып қалған.

Осыдан кейін айыпталушы жәбірленушінің пәтерде ұйықтап жатқан 32 жастағы бірге тұратын азаматы кек алады деп қауіптеніп, оның кеуде тұсына бірнеше рет пышақ сұғып, өлтірген.

Ер адамды өлтіргеннен кейін әйел қайтадан подъезге шығып, ес-түссіз жатқан көршісін ұрып-соғып, басын бірнеше рет бетон еденге соққан. Ауыр жарақат пен көп қан жоғалтқанына қарамастан, әйелге дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, аман қалған.

Сот барысында сотталушының 2018 жылы да адам өлтіргені үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. Алайда ол жазасын толық өтемей, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Жаңа аса ауыр қылмысты ол бостандыққа шыққаннан кейін алты айға жетпейтін уақыт ішінде жасаған.

Сот 28 жастағы әйелді адам өлтіру және екі адамды өлтіруге оқталу баптары бойынша кінәлі деп таныды. Бұған дейін өтелмеген жаза мерзімі де қосылып, оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жазасын ол қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне енген.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Сот