Павлодар облысында аң аулау ережесін бұзған екі ер адам жауапқа тартылды
Павлодар облысында "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде аң аулау тәртібін сақтамаған екі тұрғын анықталды. Олар автожолға тым жақын жерде аң аулауды жоспарлаған.
Polisia.kz мәліметінше, Ақсу қаласының полицейлері табиғат қорғау заңнамасының орындалуын бақылау мақсатында рейд жүргізіп жатыр. Іс-шара барысында заң талаптарын бұзудың тоғыз дерегі тіркелген.
Тексеру кезінде тәртіп сақшылары "Спутник" станциясы маңындағы жергілікті маңызы бар автожолдың бойынан екі ер адамды байқайды. Тексеру нәтижесінде олардың жолдан 200 метрге де жетпейтін қашықтықта аң ауламақ болғаны анықталған. Бұл әрекет белгіленген аң аулау қағидаларына қайшы келеді.
Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Айдар Сламбековтің айтуынша, екі азамат та заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция өкілдері аңшыларға белгіленген тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертеді. Ережені бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылады.